Алматыда Саха Республикасының күндері өтеді

20.04.2024 20:30

Қала тұрғындары мен қонақтары Якутияның фольклоры және мәдениетімен танысады

Victor Glutsenko

Қазақстандағы Саха (Якутия) Республикасының күндері аясында Алматыда 21-24 сәуір аралығында қала тұрғындары мен қонақтарын Якутия халықтарының музыкасы, фольклоры және өнерімен таныстыратын бірқатар мәдени іс-шаралар өтеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

21 сәуір 14:00-де Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде Якутия халықтарының музыкасы мен фольклоры музейі қорынан жасақталған «Ғасырлар үні» жылжымалы көрмесінің ашылуы өтеді. Алғаш рет Якутияның XX-XXI ғғ. әйгілі шеберлерінің қолынан шыққан ішекті, ішекті-ыспалы, ұрмалы, шулы аспаптары келушілер назарына ұсынылады. Көрменің ашылу салтанатында дарынды музыканттар, Якутия мәдениеті мен өнерінің біртуар тұлғалары Руслан Габышев, Анна мен Афанасий Томский және т.б. өнер көрсетеді. Көрме 21-23 сәуір аралығында 10:00-18:00 аралығында жұмыс істейді. Көрменің ашылуынан соң сағат 15:00-де Руслан Габышевпен арт-кездесу ұйымдастырылып, кездесу барысында 300-ден астам музыкалық аспаптың шебері республикадағы ішекті аспаптарда ойнаудың дәстүрлі әдісінің түптамыры жайлы баяндап, музыкалық композициялар орындайды.

Дәл осы күні 18:00-де М.Ю.Лермонтов атындағы Ұлттық академиялық орыс драма театрында Олонхоның «Кыыс Дэбилийэ» қойылымы сахналанады. Олонхо театры – якут мәдениетінің елшісі саналатын саха халқының классикалық театры, ЮНЕСКО адамзаттың материалдық емес мұрасы деп таныған якут халқы шығармашылығының бірегей құбылысы саналатын олонхоны насихаттаумен және тірілтумен айналысады.

Дәл осы уақытта Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық оркестрінің концерт залында «Виртуозы Якутии» скрипкашылар ансамблінің бағдарламасы болады. Бұл ансамбль келесі күні 22 сәуірде сағат 14:30-да Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Үлкен концерт залында өнер көрсетеді.

22 сәуір күні сағат 11:00-де Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде Якутияның байырғы халықтарының ертегілер желісі бойынша қысқаметражды мультипликациялық фильмдер көрсетілімі өтеді. Жас көрермендерге якут музейі шығарған «Чаамыкчаан ньаан кулаар» («Тышқан мен шағала»), «Чаамыкчаан ньаан дыликэн» («Тышқан мен шыбын»), «Чаамыкчаан ньаан һуличан» («Тышқан мен түлкі»), «Чернушка», «Аю мен үш апалы-сіңлі» мультфильмдері ұсынылады. Одан соң 12:00-де осы жерде «Айдаһар коды» халықаралық жобасы аясында олонхо якут батырлық жыры  желісі бойынша П.А. Ойунскийдің «Нюргун Боотур Стремительный» толықметражды мультипликациялық фильмінің көрсетілімі өтеді.

Осы күні сағат 11:00-де Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында ұлттық әдебиетті дамыту мәселелері бойынша Халықаралық дөңгелек үстел өтеді.

22 сәуір сағат 14:00-де Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде Саха Республикасының Еңбек сіңірген әртістері, «Кыл Саха» Якутия этникалық музыкасы ансамблінің негізін салушы, әрі солисттері С.А.Зверев-Кыыл Уола атындағы Саха (Якутия) Республикасының Ұлттық би театрының ұлттық аспаптар оркестрінің солисттері, көптеген нота жинақтары мен кітаптардың авторлары, Якутияның дәстүрлі және кәсіби аспапты музыкасының насихаттаушылары Анна және Афанасий Томскиймен арт-кездесу өтеді.

Одан кейін 16:00-де Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде режиссер Мила Кудряшованың музей командасының республиканың ұлыстарындағы 10 жылдық жұмысы мен Ресей этнографиялық музейінде өтетін «Солтүстік мотивтері» көрмесі жайлы баяндайтын «Көшпелі музей» деректі фильмінің көрсетілімі өтеді.

18:00-де Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында «Әлем эпостары» концерттік бағдарламасы өтеді.

Саха Республикасы күндерінің жабылу рәсімі сағат 19.00-де Абай атындағы Қазақ Ұлттық опера және балет театрында өткізіледі. Ұлттық опера – Олонхо «Ньургун Боотур» эпосы якут батырлық жыры негізінде қойылған және  басты кейіпкер батыр Ньургун Боотурдың Төменгі әлем күштерімен күресі жайлы баяндайды. Опера кең ауқымды сахналар, керемет композициялар мен  ұлттық киімдері арқылы көрерменді олонхо ұлттық батырлық эпосының әлеміне сапар шеккізеді.

23 сәуірде сағат 17:00-де Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде «Кыл Саха» дарынды этногруппасының бірегей концерті өтеді. Бұл кеште көрермендер Якутияның ерекше ғасырлар үнін естіп, олонхо жерінің жұмбақ музыка әлемімен танысады.

Сонымен қатар, 24 сәуірде сағат 11:00-де Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Айдаһар коды» халықаралық жобасы аясында «Қарлығаштың құйрығы неге айыр», «Аңшының ұлы», «Алтын сарай», «Мұра жебесі» атты анимациялық мультфильмдер көрсетілімі өтеді.

Оқи отырыңыз: Алматыда жартылай марафон өтеді