Алмалы ауданындағы мектептерде орын тапшылығы қалай шешіледі

23.06.2022 в 20:31

Бұл туралы Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаев аудан тұрғындарымен кездесу барысында айтты

Алмалы ауданында орта және мектепке дейінгі білім беру саласында орын тапшылығы 4,1 мың орынды құрайды. Тапшылықты азайту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаев аудан тұрғындарымен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

"Мәселен, биыл (№34 және 144 гимназияларға) 850 орындық 2 қосымша құрылыс пайдалануға берілді. №15 гимназияны сейсмикалық күшейту арқылы күрделі жөндеу жұмыстары басталды (2023 жылдың шілде айында аяқталады). Оқушылар үйінің ғимаратын бұзып, №16 мектепке қосымша құрылыс салу үшін жобалау құжаттамасын әзірлеу басталады (сараптама қорытындысын алу мерзімі – 2023 жылдың 3-ші тоқсаны)", - деді Ерболат Досаев.

Сонымен қатар қала әкімі мектепке дейінгі білім беру объектілері бойынша №43 балабақша ғимаратының бұрын жекешелендірілген бөлігі сатып алынғанын айтты.

"Оқу жылының басына дейін №7 балабақшаны сейсмикалық күшейтуді аяқтаймыз. Мұратбаев - Жібек Жолы көшесіндегі бұрынғы балабақша ғимаратын жеке меншіктен қайтарып алу және Тілендиев көшесіндегі бұрынғы балабақшаны қалпына келтіру мәселесін пысықтап жатырмыз", - деді ол.