Бұл мәліметті Алматы қаласы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы Сәуле Махатова өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн-брифингінде айтты
Алматыда құқық қорғау шаралары аясында тұтынушыларға 27 миллион теңгеден астам ақша қайтарылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл мәліметті Алматы қаласы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы Сәуле Махатова өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн-брифингінде айтты.
Сәуле Махатова келтірген деректер бойынша бүгінгі таңда Қазақстанда тұтынушыларлардың 112 қоғамдық ұйымы бар, оның 47-сі бір мезетте тұтынушылардың да, кәсіпкерлердің де құқығын қорғайды.
Департамент өкілі Алматыда ҚР Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің тапсырысы бойынша қала тұрғындары арасында әлеуметтік зерттеу жүргізілгенін, олардан тұтынушылардыңм құқықтарын сақтай отырып, жағдайды зерделеу қажет болғанын айтты.
Зерттеу нәтижелері онлайн-брифингте сөз болды. Спикер Алматы респонденттерінің тек 1%-ы тұтынушылардың құқықтарының сақталуы жағдайын өте жақсы бағалағанын, 3,6%-ы орташа, 86,8%-ы қанағаттанарлық деп баға бергенін тілге тиек етті. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік реттеу жағдайының өзгеруі туралы сұраққа 42,8%-ы жақсы, 37%-ы өзгеріссіз, 20%-ы нашар десе, 0,2%-ы жауап беруге қиналған.
Департамент өкілі өткен жылы ведомствоға тұтынушылардан 1480 шағым түскенін, 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,5 есе (440 шағым) артқанын айтты.
Нақтылы шаралардың арқасында құқықтары бұзылған алматылық тұтынушыларға 27 млн теңгеден астам ақша қайтарылды.
«Жалпы, электрондық сауда, бөлшек сауда, тұрмыстық қызмет көрсету және көлік салалары барынша өзекті. Мұны әлеуметтік зерттеу де растауда. Респонденттердің 45%-ы электрондық сауда бойынша көрсетілген қызметтердің төмендігін, тапсырыс мерзімінің орындалмағанын мәлімдеген. 45,6%-ының алынған тауардың сапасына көңілдері толмаған, 46,4% жиһазды жөндеу және дайындау кезінде проблемаларға тап болған», — деп хабарлады Сәуле Махатова.
Сатылатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтің сапасы нашар, жалған ақпараттар жиі беріледі, жиһаз жасау мен сұлулық салондарының жұмыстары талапқа сай жүргізілмейді, болмаған рейстер үшін шығынның орны толтырылмайды.
Сәуле Махатова қала тұрғындарын сатып алу кезінде, әсіресе интернеттен тауарлар сатып алуға мұқият болуға шақырды. Спикердің айтуынша, тұтынушылар интернет арқылы сатып алынатын тауарлар туралы толық ақпаратты білмейді, сөйте тұра қажетті соманы аударып жібереді. Сапасыз тауар жеткізілген жағдайда, қаланы, кәсіпкерге қатысты деректерді білмей сатушыны анықтау қиын болады. Сондықтан тауарларды сатып алар кезде сатушы туралы мына мәліметтерді, оның БСН, ЖСН міндетті түрде білген жөн. Бұл деректер «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңға сәйкес коммерциялық құпия емес әрі тұтынушы үшін өте пайдалы.