Бірнеше миллион бюджет қаражатын жымқыру анықталды
Алматыда спорттық және шығармашылық тапсырысты жүзеге асыру бойынша қоғамдық жұмыс тобының кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бас прокуратураның тапсырмасы бойынша Алматы қаласының прокуратурасы Artsport бағдарламасын тексеріп жатыр. Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары Нұрсұлтан Рақышевтың айтуынша, айтарлықтай заң бұзушылықтар анықталды. 6 қылмыстық іс қозғауға негіз бар, біреуінің материалдары алынып, қылмыстық іс қозғалды. Қалғанына аудит, тиісті сараптамалар тағайындалды. Бірнеше миллион бюджет қаражатын жымқыру анықталды.
"Мұнда бюджет қаржысын ұрлау үшін нақты схема қолданылғанын көріп отырмыз. Біз осы бағдарламаның жұмысын қолданыстағы заңнамаға сәйкес реттеуіміз керек. Бағдарлама функционалының өзі тиімсіз, бақылау-қадағалау органдарына бюджет қаржысының жұмсалуын уақытылы әрі тиімді бақылауға мүмкіндік бермейтінін көріп отырмыз. Сол себепті бүгінгі күні прокурорлық қадағалау актілерін енгіздік, онда осы бұзушылықтардың барлығын көрсеттік. Сонымен қатар, өткен жолы бұрын сотталған 10-нан астам жаттықтырушының балалармен жұмыс істеген фактілерінің бар екенін айттық. Тексеру жалғасып жатыр", - деді Нұрсұлтан Рақышев.
Оның айтуынша, 3000-нан астам бала шетелде болса да, қағаз жүзінде үйірмеге тіркелген, 5000-нан астам сабақ өткізілмеген. Бұл ретте, еңбек шарттарын жасаспаған, зейнетақы аударымдары жүргізілмеген жаттықтырушылардың өздеріне қатысты да еңбек құқықтарының бұзылуына жол берілді. Бірнеше миллион долларлық залал келтірілді, тексеру әлі жалғасып жатыр.
"Бұған қоса, жүйенің жұмысына қатысты мәселелер бар. Қазір біз тексеру комиссиясымен бірлесіп, бақылау-қадағалау органдарына жоқ ЖСН, басқа облыстарда тұратын балалар және т.б.с.с алаяқтықтың жолын кесу үшін бағдарламаның өзіне техникалық аудит жүргізуді пысықтап жатырмыз. Жақында соңғы нәтижелері шығады", - деп толықтырды Рақышев.