Мақсат – мегаполисте нәтижесіз спорт түрлерін қысқартып, орнына қажетті деген секциялардың сағатын көбейту
Қалалық спорт басқармасының жанынан арнайы мониторингтік топ құрылды. Мақсат – мегаполисте нәтижесіз спорт түрлерін қысқартып, орнына қажетті деген секциялардың сағатын көбейту. Бұл туралы бүгін қалалық әкімдікте өткен жиын барысында белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жүйелі жұмыс алматылық спортшылардың бір бағыт бойынша тұрақты түрде дамуына ықпал етеді дейді спорт басқармасының басшысы. Кеңесте қаладағы спорттық-мәдени шаралардың санын азайту мәселесі де сөз болды. Мәселен, халықаралық турнирлерді қосқанда Алматының өзінде өткен жылы 1200-ге жуық шара өткен. Бұған жұмсалған бюджеттің қыруар қаржысын жасөспірімдердің спорт секцияларына жұмсау керектігі ұсынылды. Сонымен қатар көпшілік қазір Бейжіңде өтіп жатқан XIII қысқы паралимпиада ойындарында еліміздің намысын қорғап жатқандардың ішінде алматылық спортшының болмағаны сын деді. Бүгін жұмысын бастайтын мониторингтік топ мүшелері осы сынды мәселелердің алдын алу жолында жұмыс істемек.
«Биыл қаладағы орталық стадионды күрделі жөндеуден өткізуді жоспарлап отырмыз. Күрделі жұмыс істеп қана қоймай, оған қосымша алаң салынады. Сондай-ақ 2022-2024 жылдарға спорттық жабдықтарды жаңғырту жоспарланған. Нәтижесінде қаладағы спорт мектептеріне заманауи құралдар сатып алынады. Бұл спортшылардың жаттығу сапасының артуына ықпал етеді», – деді Спорт басқармасының басшысы Рүстем Байсейітов.
Айта кеткен жөн, бүгінде Алматыда түрлі бағытта 3611 спорт кешені бар. Одан бөлек, 3 ауданда жаңа ғимарат салынып жатыр. Ал Кемел шағынауданындағы бой көтеріп жатқан денешынықтыру-сауықтыру кешені жуырда пайдалануға берілмек. Онда жекпе-жек спорт түрлері мен көркем гимнастика залдары бар. Одан бөлек, жыл соңына дейін теннис орталығының құрылысы аяқталмақ.