|
04.08.2022 | 15:41
2835

Сұрақ-жауап: Бостандық ауданы тұрғындарының мәселесі қалай шешіледі

Кездесуге 300-ден астам адам келіп, өтініштерін білдірді

Сұрақ-жауап: Бостандық ауданы тұрғындарының мәселесі қалай шешіледі Almaty.tv

Екі қабатты ескі үйлер сүріле ме?  Үйлердің арасына тығыз салынған құрылыстар мәселесі. Мектептегі орын тапшылығы. Бостандық ауданының тұрғындарын мазалаған мәселе  қала әкімімен кездесу барысында көтерілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – қала әкімінің Бостандық ауданы тұрғындарымен екінші мәрте кездесуі. Мұндағы өзекті мәселеге айналған шаруа құрылыстың үйлер арасында өте тығыз салынуы. Ауданда қазір мұндай 6 участок бар. Қала әкімі бұл тұрғын үйлердің жобасын қайта қарау жұмысы жалғасып жатқанын айтты. Бұдан былай, қандай да бір ғимаратты салуды бастамай тұрып, тұрғындардың ұсыныстары ескеріледі. Одан өзге екі қабатты қамыстан тұрғызылған ескі үйлерді сүру де күн тәртібінде тұр.

«Бізге Әуезов, Бұхар жырау, Манас және Ғабдулин көшелерінде орналасқан тұрғын үйлерді сүру туралы мәселе айтылған. Осы ауданда еңбек ардагерлері, мен сияқты көп балалы ата-аналар тұрады. Сол сұрақты шешіп берсеңіздер деймін», – деді қала тұрғыны.

«Бұл мәселе шынымен де бар. Біз инвестор компанияға жаңа талапқа сай әлеуметтік инфрақұрылымды ескере отырып, қаржылық модельді қайта есептеуді сұрадық. Осы мәселеге байланысты қыркүйек айына жуық халықпен кездесеміз. Қаржы моделі түбегейлі өзгерді», – деді қала әкімінің орынбасары Мұхит Әзербаев.

«Қыркүйекте қайтып келсін, көрсетейік. Бірақ  тұрғындарды қолдауымыз керек, ол жағын дұрыс айттыңыз»,– деді алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев

Сондай-ақ ауданда мұдегтікі бар балалар үшін арнайы мектеп жоқ. Ата-аналар баласын түрлі мекен-жайдағы білім ордасына апарып оқытуға мәжбүр. Тұрғындардың айтуынша, салынып жатқан №9 мектеп ерекше балаларға арналғанымен, құрылыс жұмысы қзаққа созылып кеткен.

«Ә. Кекілбаев көшесіндегі №9 арнайы мектептің салынып жатқанына 3 жыл болды. Мектептің жақын арада аяқталатын түрі жоқ. Осы мәселемен жақында өзіңізбен кездескен едік. 1 қыркүйекте балалар мектепке қалай барады? Мәселе қашан шешіледі екен», – деді қала тұрғыны.

«Мен сізге мектеп құрылысы жаңа оқу жылына дейін аяқталады деп уәде берген едім. Бірақ құрылыстың ұзаққа созылуы ақшаға байланысты емес. Біз барлық қажетті қаражатты мердігер компанияға бердік. Ғимаратты тұрғызуды міндетіне алған адамдар уақытылы құрылыс материалдарын жеткізе алмай отыр. Біз тағы барып тексеретін боламыз. Жағдайды жеке өзім бақылауға аламын», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Қалада күн райы бұзылып, жаңбыр жауса жүріп-тұру қиындайды. Оның машақатын осы ауданның тұрғындары көріп отыр. Себебі, суағарлар жетіспейді. Қала әкімі ауданда су басу қауіпі бар 6 аймақтың барын баса айтты. Алдағы жылы ұзындығы 60 шақырым болатын желінің қайта жаңартылатынын мәлімдеді.  

«Әл-Фараби мен Ремизовка арықтары маусымдық жауындар кезінде жүруге, тұруға мүмкіндік бермейді», – деді қала тұрғыны.

«Осы жылдың соңына дейін шешіледі, су басатын жерлерді жөндеу жоспарда бар», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев. .

Түйіткілді мәселесін айтып келген тұрғындарды кіреберісте басқарма басшыларының орынбасары мен мамандар  жүзбе-жүз қабылдады. Одан бөлек, арнайы жәшіктер қарастырылған. Ендігі кездесу 11 тамыз күні, Әуезов ауданында өтеді. Қала әкімінің айтуынша, басқосуда қойылған әр сұрақ ескерусіз қалмайды. Кездесуге 300-ден астам адам келіп, өтініштерін білдірді.

Ұлағат Арғын, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир