Цифрландыру дәуіріндегі құқық: Алматыда Қазақстан-Француз форумы өтті

18.06.2021 20:41

Халықаралық форумды дәстүрлі түрде өткізу нәтижесінде Сорбонна-Қазақстан институты құрылды

almaty.tv

«Цифрландыру дәуіріндегі құқық». Биыл Алматыда 4-мәрте өткізілген Қазақстан-Француз форумының тақырыбы осылай аталды. Халықаралық жиында интернет жүйесін дамыту мен оны жан-жақты таратудың тетіктері сөз болды. Сондай-ақ, киберқауіпсіздік тақырыбы да қозғалды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жыл санап интернет алаяқтардың саны артып барады. Сондықтан бұл бүгінде күн тәртібінде тұрған маңызды тақырып. Шараны ұйымдастырушылар ол үшін Франция елінің тәжірбиесін таңдау да бекер еместігін айтады. Себебі бұл ел цифрлық тұрғыда Европадағы әлдеқайда ілгерілеген мемлекет екен.

«Бүгінгі көтеріліп отырған тақырып аса маңызды. Себебі пандемия бізге цифрлық тұрғыда дамуымыз керек екендігін айқын көрсетті. Онлайн кездеуслер мен электронды форматта жиындарымыз көбейді. 2013 жылы елімізде «Цифрлы Қазақстан-2020» бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Бұл ретте ауқымды шаралар атқарылды және әлі де жалғасуда. IT индустриясын дамыту Конституциялық Кеңестің басты назарында», − деді ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми.

Айта кеткен жөн, халықаралық форумды дәстүрлі түрде өткізу нәтижесінде Сорбонна-Қазақстан институты құрылды. Бұл екі ел арасындағы ынтымақтастық келісім аясында жүзеге асқан шешім. Жоғары оқу орны құқық, экономика және ғылыми саясат сынды 3 мамандық бойынша кадрлар даярлайды. Қазір мұнда 800-ге жуық студент француз тілінде білім алып жатыр. Осылайша, еліміздің жастары өзге елге бармай-ақ, халықаралық дәрежедегі диплом алып шығуына мүмкіндік туды.

«Екі ел арасында 2008 жылы стратегиялық әріптестік келісімшартқа қол қойылғаны белгілі. Осы уақыт аралығында ел басшыларының қатысуымен бірнеше бағдарлама мен реформа қабылданды. Нәтижесінде жыл өткен сайын арадағы қарым-қатынас нығайып келеді. Франция Қазақстанға инвестиция жасау бойынша әлем елдері арасында 5-орынды иеленеді. Бұл ұзақ жылдардан бергі саяси тұрақтылықтың жемісі деп білемін», − деді Францияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Дидье Канесс.