Алматының Алатау ауданында осы уақытқа дейін көтеріліп келген жол мәселесі қашан шешілетіні белгілі болды. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев Алатау ауданы тұрғындарымен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Аудан тұрғындары жолға асфальт төсеу мәселесін жиі көтереді. Бір жолды екі рет қазып, қайта салу тиімсіз екенін айта кеткім келеді. Сумен жабдықтау және канализация желілері пайдалануға берілгеннен кейін ғана асфальт төселетін болады. Рахат-Мәдениет және Теректі шағынауданындағы электр желісіне қатысты проблемалар бар. Желілердің көбісі электр энергетикасы саласындағы нормативтік-техникалық құжаттардың талабы сақталмаған. Осыған байланысты аудан әкімдігінің талап-арызы бойынша сот реконструкциялауды қажет ететін желілерді иесіз деп таныды. Қазіргі уақытта Теректі шағынауданында (шығыс бөлігі) ауыстыру ішінара басталды. Оны жылдың соңына дейін аяқтаймыз. Рахат-Мәдениет шағынауданы бойынша жобалау-сметалық құжаттама (2021 жылдың қарашасынан бері әзірленуде) 2022 жылдың шілде айында мемлекеттік сараптамаға берілетін болады. Сондай-ақ Алғабас шағынаудандағы электр желілерін ауыстыру басталды», – деді Досаев.