Алматының орталығындағы кафенің жазғы террасасы сот шешімі бойынша бұзылады

06.04.2023 01:10

Бүгін сот орындаушыларының қатысуымен заңсыз тұрғызылған нысанды сүру басталды

Almaty.tv

«Терезе алды қаптаған тышқан, ол аздай маскүнемдер тыныштық бермейді». Бүгін бір емес, бірнеше заң бұзған Алматыдағы танымал кафенің жазғы алаңы сот шешімімен сүрілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сүйімхан Омарқызының Төле би көшесіндегі бұл үйде тұрып жатқанына 60 жылға жуықтаған. «Жапсарлас орналасқан кафе бірнеше жыл бойы мазамызды алып келеді» дейді кейуана. Оның айтуынша, жалға алушылар жиі ауысып, қалағанынша құрылыс жасайды, тұрғындар сөзін елемейді. Ал меншік иесінің қайда екені белгісіз.

«Райхан», «Сәбіз» деген ат қойды.  Мына құбырдан тышқан шығады. Есік, терезені түнде ашпаймыз. Терезені ашсақ, адамның иісін сезе ме, тамақ сұрай ма, жүгіріп жүреді. Түнде ұйқы жоқ. Мына жерде баспалдақ бар еді. Оны Медеу ауданының әкімі көріп, алып тастады. Оның үстінде қыздар билейді, тарс-тарс еткізіп кіреді, шығады», – деді Медеу ауданының тұрғыны Сүйімхан Омарова.

Базынасын айтып, шаһар басшысынан көмек сұраған тұрғынның шағымынан кейін, қала құрылысын бақылау басқармасы тексеріс жүргізіп, бірнеше олқылық тапқан. Жоғарыда айтылған мәселеден бөлек, кафенің жазғы алаңы заңсыз салынған аймақта орналасыпты. Сондай-ақ кәсіпкер террасаны салу кезінде мемлекеттік қор аумағындағы жаяу жүргіншілер жолының жартысын алған. Меншік иесінің бұл заңсыз әрекетінен кейін Әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты нысанды бұзу туралы шешім шығарған.

«Ғимарат басшылығы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 319-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Заңсыз салынған нысанды мәжбүрлі түрде бұзу міндеттеліп, әкімшілік айыппұл салынған. Меншік иесі бұл шешімге наразылық білдіргенімен, сот шешімі өзгеріссіз қалды», – деді Алматы қала құрылысын бақылау басқармасының бөлім басшысы Дәурен Тұрысбеков.

Жазғы террасаны сүру жұмысы ауыр техниканың көмегімен және арнайы мамандардың қатысуымен жүзеге асты. Бұған дейін де сот шешімімен келіспеген кәсіпкер, құзырлы орган қызметкерлерінен уақыт беруді сұрағанын айтады.  

«Соттың шешімі бар. Бірақ 4 ай әлі өткен жоқ. Бізге уақыт берілмеді. Не себепті екенін білмейміз. Біз алаңды қоршап, жұмысты бастаған едік. Мына қабырғаның ішінде темір құбырлар орналасқан. Оны бұзғанда құбыр желісіне зиян келмесін деп, ауыр техникамен кестік. Енді тағы 1 ай уақыт бергенде мен барлық олқылықты түзер едім. Бұл нысанды мен салған жоқпын. Маған дейінгі жалға алушы жасаған болар», – деді жалға алушы кәсіпкер Елдар Беделбай.

Ал Алматы қала құрылысын бақылау басқармасының өкілінің айтуынша, ауданаралық соттың шешімі былтыр 27 желтоқсанда шыққан. Содан бері кәсіпкерде заңсыз нысанды бұзуға уақыт болған. Бірақ жұмыс жүргізілмегенін алға тартты. Ең сорақысы, ғимарат әкімшілігі мейрамхана жанындағы бос жатқан аумақты да пайдаланып келіпті.

Темір-терсек, жарамсыз ағаштар, құрылыс материалдарының қалдықтары жатқан бұл аумақ – мемлекет меншігіндегі жер. Алайда жеке кәсіпкер аймақты қоршап, өзі иемденіп алған. Енді тұрғындарының өтініші бойынша жапсарлас тұрған ғимарат қабырғасы да сүріледі. Кейін меншік иесі бұл аумақты қоқыстан тазалауы керек.  

Айта кетейік, қазір Алматы қаласының аумағында 20-дан астам нысан заңсыз салынған.Олардың барлығы сот шешімімен биыл жыл соңына дейін сүрілмек.

Аяулым Көлжігіт, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы