Бүгін келісімге қол қойылды
Бүгін Алматыдағы ЖЭО-2 газға газға ауыстыру үшін бүгін кредиттік келісімге қол қойылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұған дейін газ стансасын салуға халықаралық деңгейде тендер жарияланған еді. Қос тарап – Алматы электр стансасы мен Еуропа Қайта құру және Даму банкі бүгін кредиттік келісім-шарт жасасты. Мәміленің сомасы – 130 млрд теңге. Жаңа стансаның құрылысына қуаты 600МВт-қа дейінгі газ-турбиналық технологиялар пайдаланылады деп жоспарланған.
«Нарықтағы ең төменгі маржа болады. Ал ол өз кезегінде электр энергиясының құнына тікелей әсер етеді. Біз әлі де жылу құнын түсіруге әрекет етеміз, бірақ дәл қазір нақты тарифті атау қиын», – деді «Самұрық-Энерго» АҚ экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Азамат Рысқұлов.
ЖЭО-2 алаңына жабдықтарды жеткізу мен жаңа газ стансасын жобалау және салу үшін мердігерлерден әлі де өтінім қабылданып жатыр. 15желтоқсанға дейін жалғасатын тендер халықаралық тәжірибе негізінде EPC келісімі бойынша әзірленген.
«Консорциум болған жағдайда, қазақстандық тәжірибелі компания таңдалады деп сенеміз. Бұл істе қойылған талаптарға сай жұмыс атқаруы қажет. Өйткені, жаңа газ стансасын салу үшін қажырлы еңбек пен мол тәжірибе керек» – деді «Екібастұз ГРЭС – 2 стансасы» АҚ басқарма төрағасы Дәурен Сағидолла.
Еске салайық, былтыр Мемлекет басшысы оңтүстік өңірде 1000 МВт жаңа өндіруші қуатты іске қосу керегін айтқан еді. Тапсырма негізінде Алматы мен Алматы облысында кабельдік желіні қайта құру қажеттігі туған.
«Жергілікті жерлерде инфрақұрылымды жаңғырту мәселесі бұрыннан пісіп, жетілген. Мен Алматының энергия кешенін дамыту мен қоршаған ортаны қорғаудың маңызды мәселесіне назар аударамын. Үкіметке «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорымен бірлесіп, ЖЭО-2-ні газға ауыстыруды тапсырамын», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Стратегиялық маңызы зор нысан 2026 жылдың соңына дейін толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Жалпы жобаның жүзеге асуы 2 кезеңге бөлінген.
Мадина Оқас, Ернат Болатбек, «Алматы» теларнасы