«Бюджетке қатысу»: Шаңырақ ықшамауданында Құрман бабаның кесенесі қайта жаңартылды

01.11.2021 20:46

Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген шара аудандағы тарихи һәм рухани орындарға көңіл бөлуді мұрат еткен

Шаңырақ-2 ықшамауданында Әлмерек бидің ұрпағы – Құрман бабаның кесенесі қайта жаңартылды. Көпті қуантқан іс «Бюджетке қатысу» жобасының аясында жүзеге асып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген шара аудандағы тарихи һәм рухани орындарға көңіл бөлуді мұрат еткен. Айта кету керек, мемлекеттік жоба аясында жүзеге асқан іске бюджеттен 42 миллион теңге бөлініпті.  

«Бұл жоба келесі жылы да жалғасады. Биылғы таңда келесі, яғни 2022 жылға 173 жоба ұсынылды. Сол жобалардың дауыс ұтып шыққандары жүзеге асырылатын болады», – деді Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков.

Тарихи орынның салтанатты ашылуында батыр жайлы ғылыми-зерттеу еңбектердің де жинағы жарық көрді. Баба мұрасын қайта жаңғыртуға үлес қосқан қайраткерлер Тәуелсіз ұрпақтың тегін танып, жақсыдан ғибрат алуын ізгілікке балап отыр.  

«Сақ қорғаны, кейін Үйсін қорғаны, Үйсінтөбе деп аталған, одан кейін Құрманбаба жерленген соң ол төбе «Құрман төбесі» деп аталып кеткен. Сол жерге үлкен ескерткіш қойылып, кесене орнатылып, халық жиналып жатыр. Құрман бабамыз – Қабанбайлармен бірге жоңғар шапқыншылығында жаумен алысып, елді қорғап, ұлан-ғайыр даланы алып қалған батырлардың бірі», – деді суретші, дизайнер Мағауия Әденов.