Қалада 200 адам безендіруге атсалысқан бас шыршаның шамы жағылды
Алматының бас шыршасының шамы жағылды. Мерекенің басты нышаны әсем ойыншықтармен, түрлі шамдармен көмкерілген. Жалпы, бас шыршадан бөлек, қаланың 8 ауданында да қылқанжапырақты ағаштардың шамы бір мезгілде жанды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бас шыршаның жағылуын тамашалауға келген алматылықтардың қатары көп болды. Жылдағы дәстүр бойынша ол биыл да Астана алаңына орналастырылды. Жаңа жылдың басты символының биіктігі – 22 метр. Салтанатты рәсімге қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров арнайы қатысты. Мерекелік шараға келген қала тұрғындары бір-біріне жақсы тілек тілеп, мәз-мейрам болды.
«Шыршаға 1200-ге жуық ойыншық ілінді. 100-ден астам жұлдыз бейнесіндегі жарық-шамдар бар. Олар арнайы қолдан жасалған бұйымдар. Жаңажылдық шыршаны безендіруге 200 адам жұмылдырылды. Біздің еңбек қала тұрғындарының көңілінен шығады деген ойдамыз», – деді қаладағы бас шыршаның авторы Жуас Қаңтарбаев.
2022 жыл – Барыс жылы. Қазақ халқы жорамалдарында Барыс жылы күрделі бетбұрыстар алдындағы тыныштық жылы деп саналған. Алматылықтар ескі жылды есіркеп, Жаңа жылдан үмітті екенін жеткізді.
Бас шыршаның шамын жағуға келген балалардың көңілі шат-шадыман. Олар кезек-кезек өз өлеңін оқып, «Алматы» арнасының арнайы тәттілерін иеленді.
Осылайша, Алматыда Жаңа жылды тойлау шаралары басталып кетті.
Айта кету керек, биыл мегаполистің сегіз ауданында 100-ден астам фотоаймақ орнатылған. Олардың бәрі де әдемі шыршалармен, жарық-шамдармен безендірліген. Салтанатты шара эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.
«Өткен жыл біз үшін ерекше жыл болды. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойын атап өттік. Елімізде жақсы өзгерістер орын алды. Елімізде бейбітшілік болсын дегім келеді. Келе жатқан Жаңа 2022 жылмен шын жүректен құттықтаймын», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мадина Сәдуақасова.
«Жаңа жылдан бұрын ең бірінші 2-3 күн бұрын өткен Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен құттықтаймыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, әрбір отбасыға амандық тілейміз. Құрметті қазақстандықтар, баршаңызды келіп жеткен Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймыз. Барша отбасыға шаттық, табыс, мереке, береке тілейміз», – деді «Kesh You» тобы.
Қала аумағында жалпы ұзындығы 30 мың метрден астатын безендіру әшекейлері ілінді. Сондай-ақ 21-30 желтоқсан аралығында қала әкімдігінің қолдауымен «Жаңажылдық керуен» ұйымдастырылды. Қала қонақтары мен тұрғындары ертегі кешіндей әдемі декорациялардың, ұмытылмас жарық шоулар мен сыйлықтар жәрмеңкесінің куәсі бола алады.
Ұлағат Арғын, Дамир Анитов, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы