Алматыға жұмыс сапарымен келген вице-премьер Ералы Тоғжанов жаңа нысандарға барды
Алматыда отандық тарихи кинотуындылардың таныстырылымы өтті. Салтанатты шараға Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев пен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева бастаған қоғам қайраткерлері қатысты. Бұдан бөлек, Алматыға жұмыс сапарымен келген вице-премьер қалада жаңадан ашылған нысандарға барды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыда онкологиялық ауруларды анықтайтын ядролық медицина орталығы ашылды. Жаңа мекемені Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов арнайы келіп көрді. Енді инновациялық орталықта халық кепілдендірілген медициналық көмек аясында тегін зерттеулерден өте алады.
«Бұл орталықтың қабілеті бір жылдың ішінде 7 мың азаматты тексеруге жетеді және алдын ала азаматтардың денсаулығына байланысты толық деректерді беруге мүмкіндігі бар. Қазір Қарағанды облысында да, Шымкент қаласында, Батыс Қазақстан облысында да болашақта жалғастыру жоспарланып отыр», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.
Орталық онкологиялық патологияларды ерте анықтау үшін соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған.
Компьютерлік томографиямен біріктірілген позитронды-эмиссионды томография деген аппарат арқылы онкологиялық ауруларды алдын ала анықтап, оны емдеудің дұрыс жолын таңдауға болады дейді мамандар. Мұндай зерттеуден өту 20 минут уақытты алады екен. Ал нәтижесі 2 тәулік ішінде белгілі болады.
«Әлемдік статистикаға байланысты 1 млн адамға 1 ПЭТ аппараты жұмыс істеу керек. Сәйкесінше, елімізде кем дегенде 17-18 аппарат құрылуы керек. Қазіргі уақытта елімізде тек қана 3 орталық жұмыс атқарады. Мұндай аппараттар халыққа өте қажет», – деді Ядролық медицина орталығы радиоизотопты диагностика бөлімінің меңгерушісі, радиолог-дәрігер Ғалымжан Әлішеров.
Ары қарай Ералы Тоғжанов қалада жуырда ғана ашылған «Асыл Мирас» аутизм орталығына барды. Мекеме балаларға сөйлеуді түсіну, визуалды қабілеттер мен өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларын дамытуға мүмкіндік беретін арнайы бағдарлама бойынша жұмыс істейді. Орталықтың барлық қызметі тегін көрсетіледі.
«Бұрын біз жеке үй жалдап жұмыс істеп келдік. Ол кезде 200-ден астам балаға қызмет көрсеттік. Қала әкімдігінің ұсынған жаңа ғимаратының арқасында кеңейіп, енді 300-дей отбасыға көмектесе аламыз», – деді «Асыл мирас» аутизм орталығының басшысы Юрий Чувашев.
Бұдан бөлек, Ералы Тоғжанов пен мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Қазақ ұлттық университетінде креативті индустрияны дамытудың келешегі тақырыбында жиын өткізді. Ел қалаулылары шарада креативті сектор әлемдік экономиканың негізгі бөлігіне айналғанын тілге тиек етті. Мәдени және шығармашылық индустриядан түсетін табыс әлем бойынша жылына 2,2 триллион долларға шығып, туризм, сауда, ІТ салаларын дамытуға сеп болып отыр деді жиынға қатысушылар.
«Қазақстанның экономикасындағы креативті экономиканың үлес салмағы бар болғаны 2,7 пайызды құрайды. Мемлекет басшының тапсырмасына сәйкес бізде де бұл бағыттағы алғашқы жұмыстар басталып кетті. Үкімет креативті индустрияны дамыту бойынша жобалық кеңсе құрды. Өткен айда 2021-2025 жылдарға арналған креативті индустрияны дамытуы тұжырымдамасы қабылданды», – деді ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев.
Жұмыс сапары соңында Премьер-министр орынбасары мен министрлік басшылары отандық телеарналар өндірген тарихи кинотуындылардың таныстырылымына қатысты. Осы ретте «Алматы» телеарнасы да өз көрерменіне Шерхан Мұртазаның романына негізделген «Қызыл жебе» тарихи сериалын ұсынған еді. Онда белгілі мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың өмірі суреттеледі.
«Тұрар Рысқұлов туралы әртүрлі пікір бар, оның ішінде алашордашыларға қарсы жұмыс істеді дейтіндер кездеседі. Сол сериалда біз Шерағаңның аузымен айтқанда, оның алашордашыларға қарсы шықпағанын, керісінше, олармен бір бағытта жұмыс істегенін көрсетуге, айтуға тырыстық», – деді «Қызыл жебе» телехикаясының продюсері Ілияс Ысқақов.
«Туындының бағасын қалың көрермен береді. Дегенмен, бір көре сала сериалды «керемет, жақсы не жаман» деп те айтуға болмайды. Оның бағасын уақыт береді. Егер бірнеше жылдан кейін қайталап көрсетуге жараса, онда жақсы болғаны», – деді журналист, жазушы-публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайнар Олжай.
Былтыр мемлекеттік телеарналардағы шетелдік өнімдер үлесін 30 пайызға қысқарту шешімі қабылданған еді. Босаған ақпараттық кеңістіктің орнын сапалы өніммен толтыру үшін отандық телеарналар мәдени-ағартушылық, әлеуметтік-тарихи, танымдық жобалардың санын арттырды. Шара соңында қоғам қайраткерлері дөңгелек үстел өткізіп, «Қаныш. Қазына» сериалының 1-бөлімін тамашалады.
Назкен Еркін, Ялкунжан Әшімжанов, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы