Қалада 337 ғимарат бүлінген еді
Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде 337 нысан бүлінген. Оның ішінде әкімдік ғимараты, Тұңғыш Президент резиденциясы, телеарна, прокуратура және 6 полиция департаментінің бөлімшесі бар. Қалалық құрылыс басқармасының мәліметінше, Тұңғыш Президент мұражайынан басқасының бәрі де қайта қалпына келтіріледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыдығы әкімдік ғимараты - қаладағы ең маңызды стратегиялық нысан. Мамандар әкімдікті жөндеу жұмыстары кезінде сыртқы тарихи келбеті толық сақталатынын айтады.
Алматы қаласы әкімдігінің ғимаратында қазір құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Нысанды қайта қалпына келтіру үшін 450 адам мен 14 ауыр техника жұмыс істеп жатыр. Қалалық құрылыс басқармасы мамандарының хабарлауынша, ғимараттың инженерлік желілері мен кабельдері толық ауыстырылады. Ғимараттың сыртқы қасбеті сапалы әрі мықты мәрмәр тастан қаланып жатыр. Құрылыс материалдардың басым бөлігі отандық өнім. Сондай-ақ едендері мен тоқ желілеріне өртке төтеп беретіндей арнайы құрылғылар қолданылмақ.
«КазНииСа акционерлік қоғамы мамандары трек констуркция анықтау үшін техникалық байқау жүргізілді. Анықталған ақау ғимараттың беріктігін төмендету мүмкін. Осыған байланысты жобалық сметкалық құжатты күшейту жөніндегі іс-шара орындалу ескерілді», – деді қалалық құрылыс басқармасының бөлім басшысы Руслан Кемелбаев.
Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде 337 ғимарат бүлінген. Оның ішінде шағын және орта бизнес нысанының саны – 327. Бүгінде олардың бәрі де жергілікті бюджет есебінен қайта қалпына келтірілген. Жұмысын жалғастырып жатыр. Одан бөлек, қаладағы телеарналар да қирап, өртенген болатын.
«Қазақстан» телеарнасы бойынша, ҚР Премьер-Министрі кеңесімен ғимаратты бұзу туралы шешім қабылданды. Бұл нысан іске 1958 жылы қосылған. Ғимараттың жалпы алаңын 8 мың шаршы метрге ұлғайтып, жаңа ғимарат құрылысы жүргізілетін болады», – деді Руслан Кемелбаев.
Ал прокуратура мен полиция департаментінің ғимараттары толығымен жөнделген. Қазір тек құрылысы күрделі, жұмыс көлемі ауқымды әкімдік ғимараты ғана қалған. Аумағы 33 мың шаршы метр болатын нысан мамандардың айтуынша, алдағы жылдың екінші жарты жылдықта толық аяқталады.
Ұлағат Арғын, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы