Жаңа жүйе 11 бекетте орнатылған
Сайран метростансасында «Face pay» инновациялық бағдарламасы іске қосылды. Жаңа терминал жол ақысын бетті тану технологиясының көмегімен алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тың жоба былтыр Абай және Бауыржан Момышұлы стансаларына енгізілген. Жаңа жүйе 11 бекетте орнатылған. Инновациялық жобаның көмегімен жетонсыз, картасыз метроға мінуге болады. «Face pay» бағдарламасы бет-әлпетіңізді автоматты түрде танып, аялдамаға қарай жол ашып береді. «Сайранды» қоса алғанда, шаһардың барлық метростансасында тың жоба жұмыс істеп тұр.
Жоба авторлары «арнайы банк қосымшасына төлем картаңызды алдын ала тіркеп қою қажет. Сол арқылы уақытыңызды үнемдейсіз» дейді.
– Метро – жайлы әрі жылдам қоғамдық көліктің бірі. Менің ойымша, бұл сервис метрополитен жұмысын одан әрі оңтайландырады. Тұрғындар жақсы баға береді деп ойлаймын, – деді мобилділік басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Құмарғазин.
Жобаның ерекшелігі – «Face pay» арқылы төленген жол ақысы 100 пайыз көлемінде бонус ретінде қайтарылады. Жиналған бонустар арқылы банктік төлемдер жасауға болады.
– Бұл сервис Беларусь, Ресей, Қытай және тағы басқа елдердің тәжірибесінде бар. Ал негізінен Алматы метросы банк картасы, «Оңай» жүйесі, қолма-қол ақша сынды төлем түрін қабылдайды, – деді метрополитен қызметкері Сайын Жүнісов.
Метрополитен қызметіне күніне 100 мыңнан аса адам жүгінеді. Инновациялық жүйе мен жаңадан салынып жатқан «Қалқаман» бекеті бұл көрсеткішті еселей түспек.
Рүстем Айткәрім, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыда бетон өндіретін зауыт іске қосылды