Алматының коммуналдық қызметтері Түрксіб ауданындағы бітеліп қалған өзен арнасын тазартты

30.03.2021 20:49

Бұл жағдай Глазунова және Ақан Сері көшелері тұрғындарының да үрейін туғызған

Алматыда Түрксіб ауданының тұрғындары үйімізді су шайып кете ме деп алаңдап отыр. Сөйтсе, Бас Қарасу өзенінің арнасы бітеліп қалып, су қалыпты деңгейінен бірнеше метрге жоғары көтерілген. Бұл жағдай Глазунова және Ақан Сері көшелері тұрғындарының да үрейін туғызған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Арнамызға хабарласып, базынасын жеткізген халық өзен арнасының бітеліп қалуына Бас Қарасу өзенінің қоқысқа толып қалғаны себеп дейді.

«Бас Қарасу - Кіші Алматы өзенінің бір саласы. Арнайы техника алдыртылып, өзен арнасы тазартылды. Жауынның салдарынан сумен аққан тұрмыстық қалдықтар осында жиналып, бітеліп қалған. Бұл жағдай бақылауда», – деді Түрксіб аудандық көріктендіру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Сәкен Байасыл.