Орбита-4 шағынауданындағы Мұстафин мен Біржан көшелерінің қиылысында заңсыз орнатылған үш дүңгіршек сүрілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қаланың сыртқы келбетіне нұқсан келтіретін, абаттандыруды бұзатын, тротуарлар мен жол учаскелеріне қоқыс тастайтын заңсыз орнатылған стационарлық емес сауда нысандарын (ССН) жою мақсатында кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы қала әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша қажетті шаралар қабылдауда.
Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының қызметкерлері сауда жасауға рұқсат құжаттарының жоқтығын анықтады. Заңсыз орнатылған сауда нысандарының иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілді, содан кейін кәсіпкерлер объектілерді өздері сүре бастады. Меншік иелері өздері бұзбаса, заңсыз орнатылған стационарлық емес сауда нысандары мәжбүрлі түрде сүрілетін болады.
Әдетте, заңсыз орнатылған дүңгіршектер абаттандыру ережелерін сақтамай, қала құрылысы, санитарлық-эпидемиологиялық және өртке қарсы нормаларды бұза отырып, тротуарлар мен жол жиектерінде орналасқан.
Еске салсақ, Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша биыл алғаш рет «Алматы қаласының аумағында және қала маңындағы аймақта стационарлық емес сауда нысандарын орнату ережелері» қабылданды, онда ссн стационарлық емес сауда нысандарын орнату тәртібі нақты айқындалған. Ережелермен толығырақ мына сілтеме арқылы танысуға болады.