Алматы кітапханалары жаңа жұмыс форматына көшті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясы кезінде қалалық Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мегаполистің орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің объектілерін модернизациялау Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасына сәйкес жүргізілуде.
Ғ. Майлыбаевтың мәліметінше, қаланың 16 кітапханасы модернизацияланды. Форматтың жаңаруынан кейін келушілер саны 60%-дан асқан. Кітапханаға жөндеу жұмыстары жүргізілгенге дейін 758 000 адам келсе, бүгінде келушілердің саны 1 260 000 адамды құрайды.
Жаңа кітапханалар сыртқы келбетін өзгертіп қана қоймай, жұмыс режимін де өзгертті. Енді олар аптаның жеті күні күн сайын 9.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейтін болады. Модернизациядан кейін әр кітапханада орындар саны артты, жеке жұмысқа, қарым-қатынасқа, іс-шараларға және интернет-бөлмелерге арналған түрлі бұрыштар құрылды.
Ғ. Майлыбаев кітапханаларға жаңа тыныс берілгенін, мұнда тегін шығармашылық үйірмелер өткізілетінін, әдеби сурет залдары мен шеберлік сыныптары ұйымдастырылғанын айтады. Модернизациядан кейін 90-нан астам үйірме құрылды, оған 9 400-ден астам адам қатысады.
«Биыл Бостандық және Медеу аудандарының тағы 2 қалалық кітапханалары модернизацияланады», – деді Ғ. Майлыбаев.