Алматы – ортақ үйіміз: қалада 20 мыңнан астам ағаш отырғызылады

08.04.2024 20:53

Жетісу ауданында 100 шақты адам атсалысып жатыр

Almaty.tv

Республикалық акция аясында Алматының өзге аудандарында да жұмыс қарқынды жалғасып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Науқанның алғашқы күнін Түрксіб ауданындағы жұмысшылар аялдамалардан бастады. Сондай-ақ 1 айға жалғасатын бастамада арық желілері тазартылып, қоқыс жәшіктері жөнделеді. Жауаптылар іс-шара барысында аудан тұрғындарының қатысуымен жалпы сенбілік өтетінін айтты.

– «Алматы – ортақ үйіміз» науқанына қала тұрғыны мегаполисті таза ұстауға тырысқаны жөн деп санаймыз. Біз акцияның алғашқы күнін орындықтар, аялдамалар мен қоқыс жәшіктерін ретке келтіруден бастадық. Енді 1 ай жалғасатын іс-шара барысында арық желілері тазартылады, – деді Түрксіб аудандық көріктендіру бөлімінің басшысы Думан Қаптағаев.

Ал Жетісу ауданындағы жұмысқа 50-ге жуық техника мен 100 шақты адам атсалысып жатыр. Солтүстік айналма жолын тазалаудан бастаған жұмысшылар аудандағы саябақтар мен скверлерді, көшелер мен тротуарларды ретке келтіреді.

Айта кетейік, науқан аясында қала бойынша 3420 жарық нүктесі, 650 белгі жаңартылып, 20 мыңнан астам ағаш отырғызылады.

– Қазіргі күнде көшені тазалау, көшені, тротуарларды жуу, қоқыс жәшіктерін, аялдамаларды бояу, орындықтарды бояу сынды жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді Жетісу аудандық көріктендіру бөлімінің бас маманы Ернар Батыров.

Оқи отырыңыз: Алматы – ортақ үйіміз: Наурызбай ауданында 45 бірлік техника жұмылдырылды