Жаңадан қосылған аумақтарда әлеуметтік инфрақұрылым жоқ

17.06.2022 20:54

Бұл туралы Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаев айтты

Almaty.tv

Алматы қаласы әкімі Медеу ауданына қосылған жаңа аумақтарда базалық әлеуметтік инфрақұрылым жоқ екенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мұзтау, Көлсай, Сұлусай және Кеңсай шағынаудандарында сумен жабдықтау орталықтандырылмаған және су көзі жоқ.

Электрмен тұрақты қамтамасыз ету, әсіресе Кеңсай мен Каменское плато шағынаудандарында өзекті мәселелердің бірі болып қала береді, деп атап өтті қала әкімі Ерболат Досаев.

Электр желілерін қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін 11 трансформаторлық қосалқы станция мен 35 км электр желісін қайта құру жоспарлануда.

Нәтижесінде Кеңсай және Каменское плато шағынаудандарында электрмен қамтамасыз ету 60%-дан 85%-ға дейін артады.

Қалған қамтылмаған учаскелер бойынша шілде айының соңына дейін техникалық аудит жүргізіледі. Нәтижесінде ескі тарату және трансформаторлық қосалқы станцияларды жаңасына ауыстыру үшін қаржыландыру мәселелері қаралады.