Алматы қалалық полиция департаментінің барлық бөлімшелерінде «Адалдық алаңы» жобасы іске қосылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендетіп, халықтың ішкі істер органдарына деген сенімін арттыруды мақсат еткен жоба «Естуші мемлекет» тұжырымдамасының негізінде жүзеге асқан. Спикерлердің ұйғаруымен, Алматы полициясындағы «Адалдық алаңы» кеңсесін белгілі журналист Василий Шупейкин басқарады.
«Ұлттық сипат алатын бұл жоба дәл осы Алматыда, елден көмек сұрап, құқығын қорғайтын орнында ашылғанына мақтануымыз керек деп есептеймін. Қалалық полиция департаментінің фронт офисінде алғашқы қабылдаулар басталып та кетті», – деді журналист Василий Шупейкин.
Фронт-офистің ашылуына Полиция Департаментінің басшысы Қанат Таймерденов пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Нығмеджан Сапаров та қатысты.
Ашықтық пен айқындылықты басты бағдар етеміз деген Алматы полициясы «Ұсыныстар қоғамдық талқылауға шығарылып, ұжымдық түрде қаралады, ал азаматтардың мүдделері бірінші орынға қойылады» дейді.