Биыл қалада ұзындығы 9 шақырым болатын жылу құбырлары жаңартылған
Алматы жылыту маусымына толығымен дайын. Бұл туралы онлайн брифингте қалалық Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы Евгений Пак мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, биыл қалада ұзындығы 9 шақырым болатын жылу құбырлары жаңартылған. Қазір оларды тексеру жұмыстары аяқталды. Атқарылған жұмыс нәтижесінде қыс мезгілінде апаттық жағдайлар азаймақ. Сондай-ақ, биыл орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған қала тұрғындарының саны да артқан.
«Бекітілген кесте бойынша қала тұрғындарына жылу 15 қазанда қосылады. Десе де, ауа райын бақылап отырмыз. Егер температура +8 градусқа дейін төмендесе, бірден қосуға дайынбыз», – деді қалалық Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы Евгений Пак.
Сондай-ақ, алматылықтардың жылу жүйесіне төленбеген қарызы да төмендеген. Тұрғындардың коммуналдық қызметке берешегі – 2 миллиард теңге. Басқарма басшысы атап өткендей, бұл баға өткен жылы 800 миллион теңгеге артық болған. Десе де, қарызы бар тұрғындар жылусыз қалмайды. Мамандар олармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
«Уақытында төленбеген қомақты қаражат жылу өндіру мен жылу беретін өндірістердің жұмысына кедергі келтіріп отыр. Десе де, мамандар ол тұрғындармен толық жұмыс жүргізеді, қарсылық танытқандарды сот арқылы өндіруге тура келеді», – деді Евгений Пак.