Қаладағы бағаналар мен аула ішін жарықпен қамтудың басым көпшілігін «Алматы қала жарық» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны міндетіне алған
Алматыда тұрғындар тарапынан жарық шамдарының жанбауына қатысты өтініштер жиілеген. Осыған орай, сала мамандары мониторинг жүргізіп, нәтижесінде арнайы бригада тобы келіп түскен қоңырауларға жедел әрекет етуге тырысты. Түнгі Алматының жарығын тексеріп келген Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын толығырақ баяндайды.
Алмалы ауданындағы Мақатаев көшесінің тұрғындары осыдан 2 күн бұрын аула ішінде жарық шамның істен шыққанын айтып мамандарға хабарласқан еді. Айтуынша, қараңғы түссе, мұнда балалардың еркін жүруі қауіпті. Сыртқа шықсақ, әркез көзімізден таса қалдырмауға тырысамыз дейді.
«Мен «Open Almaty» желісі арқылы өтініш қалдырдым. Балаларға рақмет. Көп ұзатпай келіп, міне бүгін шамдардымызды ауыстырып берді. Аула ішінде қараңғыда жүру, әсіресе, егде кісілер мен балаларға қиын. Арнайы бригадаға алғыс айтамыз», – деді қала тұрғыны Жанна Тұрғанбекова.
Қаладағы бағаналар мен аула ішін жарықпен қамтудың басым көпшілігін «Алматы қала жарық» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны міндетіне алған. Сала өкілдерінің айтуынша, 2018 жылдан бері қаланы жарықпен қамту жұмыстары екі есеге дейін көбейген. Бүгінде шаһардағы 160 мыңнан астам шамға осы кәсіпорын жауапты. Оған 2 мыңнан астам көше мен 4 мыңға жуық аула кіреді екен.
«Қазір кәсіпорында арнайы шартпен 20 бригада жұмыс істейді. Олар біздің диспетчерге келіп түскен шағымдар мен өтініштер аясында қаладағы түрлі мекенжайларға дер кезінде жетіп отырады. Тұрғындар тарапынан жарық бағандарының жұмыс істемеуі және сымдардың қысқа тұйықталуынан болатын мәселелер көптеп түседі», – деді «Алматы қала жарық» МКК басшысының міндетін атқарушы Жандос Саматов.
Қала әкімінің бастамасымен жүзеге асқан «Шетсіз қала» жобасы аясында тас қараңғы болған талай ықшамаудан мен көшелерге шамдар орнатылып, көпшілік оның игілігін көріп отыр. Атап айтсақ, өткен жылы 1423 көше жарықтандырылды. Биыл осы бағдарлама көмегімен 4 ауданның 601 көшесіне сыртқы жарық шамдар орнату жоспарланған.
«Қазір екі жоба әзірленді. Жобалық-сметалық құжаттама аясында 1066 учаске мен 487 аула аумағы белгіленді. Алдағы уақытта осы тізім аясында негізгі мәселелерді анықтаймыз. Осылайша, жұмыс бағытымыз жүйеленбек. Жоба 2022 жылы жүзеге асыралыды», – деді қалалық энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының бас маманы Павел Пьянков.
Сала мамандары алматылықтардан тұрғын үй ауласында немесе көшелерде жарық шамдардың өшіп тұрғанын байқаса, арнайы нөмірлерге хабарласуын сұрайды. Өтініштер қала әкімдігінің «Open Almaty» қоғамдық қабылдауы және шұғыл телефондар арқылы қабылданады. 300-75-41 және 300-75-42 байланыс нөмірлері тәулік бойы жұмыс істейді.
Ұлағат Арғын, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы