Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік нан бағасының көтерілуіне жол бермеу мақсатында Алматы қаласының әкімдігі Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігімен және «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» акционерлік қоғамымен 1 сұрыпты бидай ұнынан пісірілетін қалыпты нанның (әлеуметтік) бағасын тұрақтандыру жөніндегі Меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Келісім Қазақстан Республикасының «Агроөнеркәсіп кешенін және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Заңының аясында қолданылады.
«Меморандум аясында Азық-түлік корпорациясы 1 сұрыпты ұн шығару үшін Алматының ұн тартатын диірмені бар ұйымдарына азық- түлік бидайының бір тоннасы үшін 90 мың теңге болып бекітілген баға бойынша жеткізуді қамтамасыз етеді», - делінген қалалық әкімдіктің баспасөз хабарламасында.
Азық-түлік корпорациясының барлық қорынан 2022 жылдың наурыз айынан бастап, тамыз айын қоса алғандағы кезеңде Алматыға шамамен 2,7 млрд теңге жалпы сомасына 29,8 мың тоннадан астам астық жеткізу жоспарланып отыр. Келісім әрі қарай ұзарту мүмкіндігімен 2022 жылғы тамыз айына (қоса алғанда) дейінгі мерзімде қолданылады. Мегаполистің астыққа деген айлық тұтыну қажеттілігі 4 261,1 тоннаны құрайды.
Шикізатпен қамтамасыз ету қаланың негізгі нан-тоқаш комбинаттарына әлеуметтік нанның бағасын бұрынғы деңгейде сақтап қалуға мүмкіндік береді.