Түрксіб ауданы тұрғындарын ауыз су мәселесі алаңдатады

10.02.2021 в 21:08

Түрксіб ауданының әкімі Бақытжан Ақжаров халық алдында есеп беріп, ауданда атқарылған жұмыстарды баяндады

Биыл Әлмерек шағын ауданындағы барлық үй су және кәріз жүйесімен қамтылады. Сондай-ақ Қайрат, Нұршашқан ықшам ауданында жүріп жатқан инженерлік желілердің құрылысы аяқталуға жақын. Түрксіб ауданының әкімі Бақытжан Ақжаров халық алдында есеп беріп, ауданда атқарылған жұмыстарды баяндады. Әлеуметтік желілер мен ZOOM арқылы аудан тұрғындары толғандырған сұрақтарын қойды. Әсіресе, халықты ауыз су мәселесі қызықтырады.

«Шуақты шағын ауданы, Береке көшесінің тұрғынымын. Ауыз су мәселесі бізде жылда осы су мәселесін көтереміз. Ылғи жобасы жасалып жатыр деп айтады. Қайтып мына жаста су тасимын енді? Қанша жыл болды қолмен су тасып жүрміз құдық кезіп», – деді Түрксіб ауданының тұрғыны Нұрқанат Әбдікерімова.

«Бұл сұрақты мен жақсы білемін. Қазіргі таңда Шуақты шағын ауданында 400-ден астам кәріз жүйесіне қосылмаған үйлерге ПСД жасалып жатыр. Ақша бөлінген кезде құрылыс жұмыстары басталады», – деді Түрксіб ауданының әкімі Бақытжан Ақжаров.

Шуақты ықшам ауданынан бөлек Нижняя Пятилетка, Жас Қанат шағын аудандары мен Закарпатская көшесінің бойындағы үйлерді суға қосу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалған. Ал ауданның 99 пайызы көгілдір газбен қамтылған. Бұдан бөлек ауданда 600-ден астам ескі үй бар. Олар бойынша да жұмыстар жалғасып жатыр деді аудан әкімі. Биыл жеке инвесторлардың көмегімен ескі үйлердің орнына 9 көпқабатты үй салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ былтыр 4 медициналық мекеме салыныпты.