|
22.06.2023 | 16:06
1753

Ерболат Досаев Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық даму жоспарымен таныстырды

Алматыда 2023 жылы екі қосалқы электр стансасы пайдалануға беріледі

Ерболат Досаев Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық даму жоспарымен таныстырды Фото: ortcom.kz

Биыл 400 мыңға жуық алматылық тұрақты электрмен жабдықталатын болады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Осы айда «Алмагүл», желтоқсанда «Тұздыбастау» қосалқы стансалары пайдалануға беріледі. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті. Журналистермен өткен жиында шаһар басшысы қаланың әлеуметтік-экономикалық даму жоспары мен іс жүзінде жүзеге асып үлгерген жұмыстарды таныстырды.

Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қала тұрғындарын 3 жыл ішінде сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырған. Бүгін ғана брифингте Алматы әкімі Ерболат Досаев осы бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, тапсырма қарқынды іске асуда деді. Сөзінше, Наурызбай ауданына қарасты Қарғалы өзеніндегі су жинау құрылғысының құрылысы қазан айында аяқталады. Нәтижесінде 50 мың тұрғын тіршілік көзімен қамтамасыз етілмек. Бүгінде дәл осындай құрылғы Ақсай өзенінде де салынып жатыр. Әкімнің айтуынша, ол жұмыс 2025 жылдың қарашасында бітеді.

«Жалпы өнімділігі тәулігіне 50 текше метрден асатын Ерменсай және Барлық өзендерінде 2 су жинау құрылғысының құжаттамалары әзірлеу сатысында. Бұл көздер қаланың 2 ауданының 100 мыңнан астам тұрғынын қамтиды. Қабылданып жатқан шаралардың арқасында 2025 жылға қарай 252 мыңнан астам адам, оның ішінде биыл 50 мың адам орталықтандырылған суға қосыла алады», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Шаһар басшысы жылу мен жарық мәселесіне де тоқталды. Биылғы маусым айында  «Алмагүл», желтоқсанда «Тұздыбастау» электр қосалқы стансалары қолданысқа берілмек. Нәтижесінде, 400 мың тұрғын тұрақты тоқпен қамтылады. Ал жылу мәселесіне келер болсақ, қыркүйекте «Оңтүстік аудандық қазандық» пен «Премьер» қазандықтарын қайта жаңғырту аяқталады. Айта кететіні, аталған жұмыс 300 мың тұтынушыны жылумен қамту мақсатында басталған еді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде 2 жыл ішінде 37,1 мың оқушыға арналған 22 жайлы мектеп салынады. Сондай-ақ, 3 970 орындық 9 білім беру объектісін іске қосу жоспарлануда. Балаларды қорғау күні Мемлекет басшысының қатысуымен Наурызбай ауданында аптасына 5 мың баланы қамтитын Инновациялық шығармашылық орталығы ашылды», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Алматы әкімі жастарды жұмыспен қамту мәселесін шешудегі нәтижемен де бөлісті. Айтуынша, соңғы 6 айда мегаполисте 5 мыңға жуық адам жұмысқа орналасқан. 4 мыңға тарта жас мамандық бойынша қайта даярланған. Кәсіптер бойынша 4 қысқа мерзімді курс ашылып, платформа әзірленді. Ең өзекті мәселенің бірі - жатақхана жайы да назардан тыс қалмапты.

Әкімнің сөзінше, 5 мың орындық 27 жаңа нысан құру үшін 99 жеке инвестор тартылған. Айта кететіні, биыл мектептерді қаржыландыруға және мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға 315 миллиард теңгеден аса қаражат бөлінген.

Оразай Нұртайұлы, Алмат Ілиясов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир