Жасыл аула науқаны аясында қала тұрғындарына тегін көшеттер берілді

14.10.2023 21:10

Көшеттердің күтіміне басқарма тарапынан мониторинг жүргізіледі

gov.kz

«Жасыл аула» науқанының күзгі маусымында қала тұрғындары гүл, тал, катальпа және гибискус көшеттерін тегін алды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Акцияға мегаполистің кез-келген тұрғыны қатыса алады. Көшеттер көпшілік пайдаланатын учаскелерге және көпқабатты үйлердің ауласына таратылады. ЖТҮҚ жеке секторларға және бау-бақша серіктестігіне, сондай-ақ заңды тұлғаларға таратылмайды. 

20 қыркүйектен 4 қазанға дейін өтінімдер қабылданды. Нәтижесінде 200-ге жуық өтінім түсті, оның ішінде 70-і мақұлданды. 

- Бұл акция үш жылдан бері жалғасуда. Жыл сайын көпқабатты үйлердің ауласына және басқа да жалпы пайдаланылатын аумақтарды көгалдандыруға ниет білдірушілердің саны артып келеді. Акция шарттары бойынша қатысушылар арасында бір адамға 20 данадан артық көшет бөлінбейді. Сұранысқа байланысты көшет саны әркімде әр түрлі, - деді Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасы Жасыл қорды басқару және мониторинг бөлімінің басшысы Нұрлан Кутыбаев.

Қатысушылар арасында Наурызбай және Бостандық аудандарының тұрғындары ерекше белсенділік танытты. Оның арасында бірнеше рет қатысқан тұрғындар бар.

 - Біз екінші рет қатысып отырмыз. Бүгін 20 көшет алдық, «Алма сити-5» тұрғын үй кешеніндегі аулада 6/55 және 6/56 үйлерінің алдында отырғызамыз. Көп рақмет, науқанның арқасында ағаштарды тегін алуға және ауламызды көгалдандыруға мүмкіндік алдық, - деді Наурызбай ауданының тұрғыны Ақбота Қыпшақова.  

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасы «Жасыл аула» науқаны аясында көшеттерді тегін таратудың басталғанын хабарлаған. Науқанның шартына сәйкес, қатысушылар отырғызылған ағаштарды алдағы үш жыл бойы күтіп-баптау туралы кепілді міндеттемеге қол қояды. Акция барысында отырғызылған көшеттердің күтіміне басқарма тарапынан мониторинг жүргізіледі.

Оқи отырыңыз: Алматыда кеңейтілген ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді