Б. Сағынтаев ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгершілік күштерінің Қазақстандағы миссиясын аяқтау рәсіміне қатысты

Б. Сағынтаев ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгершілік күштерінің Қазақстандағы миссиясын аяқтау рәсіміне қатысты
Бірқатар бітімгер ҚР Қорғаныс министрінің бұйрығымен «Халықаралық ынтымақтастыққа қосқан үлесі үшін» медальдары және грамоталармен марапатталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер Ұжымдық бітімгершілік күштерінің әскери қызметшілерін шығарып салды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері Әскери институтының саптық алаңында өткен бітімгершілік контингенттерді шығарып салу рәсіміне ҰҚШҰ-ның Бас хатшысы Станислав Зась, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Мұхамеджан Таласов, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты.

ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгершілік күштері тобының қолбасшысы генерал-полковник Анатолий Сердюков барлық жеке құрамға батыл шешімдері мен әскери борышын мінсіз орындағандары үшін шынайы алғысын білдірді.

Сонымен қатар қолбасшы Қазақстан Қорғаныс министрлігінің басшылығына көпұлтты бітімгершілік контингентінің тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ету мәселелерін шешуге көмектескені үшін ризашылығын білдірді.

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев ҰҚШҰ-ға қатысушы барлық мемлекеттер Президент Қ.-Ж. Тоқаевтың конституциялық тәртіпті орнатуға және террористік қауіп-қатерді жеңуге жәрдемдесу үшін бітімгершілік контингентін тарту туралы Үндеуін бірауыздан қолдағанын еске салды.

«Бұл күндері бітімгерлер ауқымды жұмыс атқарды. Бірінші кезекте маңызды мемлекеттік және стратегиялық объектілердің күзеті мен қорғанысын күшейту бойынша бекітілген учаскелерде құқықтық тәртіпті сақтауға көмек көрсетілді. Мұның бәрі Алматыдағы жағдайды тұрақтандыруда үлкен рөл атқарды»,– деп атап өтті Б. Сағынтаев.

Қала әкімінің айтуынша, бүгінде қаланың тыныс-тіршілігінің барлық салаларын қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Мұхамеджан Таласов Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы – ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұйымға мүше мемлекеттердің басшыларына елдегі жағдайды тұрақтандыруға жәрдемдесу үшін Біріккен бітімгершілік контингентін енгізу туралы өтініш жасағанын атап өтті.

«Сіздер стратегиялық және басқа да маңызы бар нысандарды күзетуді қамтамасыз еттіңізідер. Бітімгершілік контингент келіп қазақстандық әскери қызметшілер, ішкі істер қызметкерлері содырларды іздестіру және ұстау бойынша өздерінің тікелей міндеттеріне кірісе алды»,– деді М. Таласов.

Қазақстан Қорғаныс министрінің атынан Ұжымдық бітімгершілік күштері контингентінің әскери қызметшілеріне алғыс білдірілді.

Бірқатар бітімгер ҚР Қорғаныс министрінің бұйрығымен «Халықаралық ынтымақтастыққа қосқан үлесі үшін» медальдары және грамоталармен марапатталды.

Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесінің шешіміне сәйкес ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгершілік күштері Қазақстан Республикасында мемлекеттік, әскери және әлеуметтік маңызы бар нысандарды күзету жөніндегі міндеттерді орындады.

Достық және әскери ынтымақтастық қағидаттарын басшылыққа ала отырып, конституциялық тәртіпті қалпына келтіру бойынша бауырластық көмек ретінде Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қырғызстан Республикасы,  Ресей Федерациясы мен Тәжікстан Республикасы ел аумағына өздерінің саны 2 030 адам мен 250 бірлік техниканы құрайтын әскери контигенттерін жіберді.

Ұйым бойынша одақтастар террористік шабуыл кезінде Қазақстанға қолдау және уақтылы көмек көрсетті. Бітімгерлердің маңызды нысандарды күзетке алуы Қарулы Күштердің, құқық қорғау органдарының күштері мен құралдарының едәуір бөлігін босатуға және оларды террористерге қарсы күреске жіберуге мүмкіндік берді.

Осындай жағдайда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының тиімділігі айқын көрінді.

ҰҚШҰ Біріккен бітімгершілік контингентін елден кезең-кезеңімен шығару Қазақстан Президенті белгілеген мерзімге сәйкес биыл 13 қаңтардан бастап жүзеге асырылады.

Новости партнеров