Алматы суретші көзімен

18.09.2022 в 21:15

Бүгін Алматыда қала тұрғындары мен қонақтары Қала күнін тойлап жатыр

Бүгін Алматыда қала тұрғындары мен қонақтары Қала күнін тойлап жатыр. Қала күніне орай, суретші Рашид Құлбатыров қала жайлы ойын бөлісті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Cуретшінің айтуынша, Алматыда шабыт сыйлайтын жерлер өте көп.

"Алматы – мен үшін өте көркем, әсем қала. Маған шабыт беретін қала. Алматыда мен отбасын құрдым. Алматыда әсер алатын өте керемет  жерлер көп. Соның бір көрінісі – Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрының алдында отырмыз. Көне ғимараттар, 1950 жылдары салынған орындар сондай сүйкімді. Саябақтары қандай тамаша! Қарап тұрып тамсанасың. Күз айында ерекше түрленеді. Мен  әсіресе осы күз айында шабыттанамын. «Медеу» мұз айдыны, шатқалдарымыз қандай тамаша! Аспанмен астасқан шыңдарын айтсаңызшы! Сарқыраған бұлақтары қандай!" - деді Рашид Құлбатыров.
Суретші Алматыға 1995 жылы келген. Осында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің көркемсурет факультетіне  оқуға түскен.

"Алып шаһарда 30 жылдан аса уақыт тұрамын. Әсем қалада тұратынымды өзім бақыт санаймын. Себебі бұл қала мен үшін өте қымбат. Балаларым осы қалада дүниеге келді. Барша алматылықтар мен алып шаһар қонақтарын Қала күні мерекесімен құттықтаймын. Бәріне жақсылық тілеймін. Отбасылары аман болсын! Еліміз тыныш болсын! Керемет қалада жүзіміз жарқын болып, жайнап жүре берейік! Дүние жүзіне тұмса табиғатымен, керемет тауларымен танылған әсем қаламыз көркейіп, дами берсін!" - деп ыстық лебізін білдірді қылқалам шебері.