Аудан жылдан-жылға ұлғайып келеді
Наурызбай ауданындағы тозығы жеткен су құбырлары ауыстырылып жатыр. Олар су қысымына шыдамай апатты жағдайлар туғызған. Тұрғындардың жиі шағымынан кейін кейбір нүктелерде су желілері жаңартылып жатыр? Ауданның жай-күйін Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай баяндайды.
Аудан жылдан-жылға ұлғайып келеді. Мәселен биыл тұрғындардың саны 117 мыңға жеткен. Тиісінше ауыз суға қажеттілік те өсуде. Сондықтан аймақта қосымша 107 шақырым жаңа су құбыры орнатылып жатыр.
Олқылықтардың орнын толтыру мақсатында, жауапты коммуналдық мекеме құрылыс-монтаж жұмыстарын бастап кетті. Бүгінде аймақтағы Жайлау, Қарғалы, Құрамыс, Тастыбұлақ, Таужолы, Ақжар және Шұғыла шағын ауданында диаметрі 150 ден 300 мм болатын құбырлар жаңартылып жатыр. Жоспар бойынша 3 ықшамаудандағы шаруа жаңа жылға дейін аяқталуы тиіс.
«9 ықшам ауданның 7 ықшам ауданында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ол дегеніміз су және кәріз құбырлары қаланың шет аудандарын сумен және кәрізбен қамтамасыз ету бағдарламасына сәйкес жұмыстар жүргізілуде. Оның 3 ықшам аудандарында биыл, 2020 жылдыың аяғына дейін толық бітіп, келесі жылға толығымен жұмыстар өткізіліп су берілетін болады халыққа», – деді Наурызбай ауданды коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Өркен Қодаров.
Аймақтағы халық саны аудан құрылғалы 17 мыңға көбейген. Қазір, мұнда 132 бау-бақша бірлестігі бар. Ал, осында 32 жылдан бері тұратын Ләззат Баймолдаева жасалып жатқан істерге риза. Көше жарықтары, балаларға арналған ауламен қатар су мәселесі оңалып келе жатқаны көңіл қуантады дейді ол.
«Жағдайымыз жақсы. Балалар арналған алаңдар бар. Мына жолдың қоқыс құбырын салып жатыр екен. Ол да жақында бітеді. Жақсы. Бәріне қуаныштымыз. Қалаға өттік, ауылда едік енді. Ештеңеден қиналып жатқанымыз жоқ», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Ләззат Баймолдаева.
Су құбырларымен қатар ауданда ескірген кәріз жүйесі де ауыстырылып жатыр. Одан бөлек 81 шақырымдайы құбыр жаңадан төселеді.
Сондай-ақ, Қарғалы өзенінде су жинау және дайындау стансасының құрылысы қолға алынған. Су торабы Қарғалы, Құрамыс, Қарағайлы және Таусамалы шағын аудандарындағы 50 мыңнан астам тұрғынды ауыз сумен қамтитын болады.
Сымбат Ноғай, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы