Жыл соңына дейін қала бойынша 500 тұрақ жасалатын болады
Алматы көшелерінде жеке мобильді көліктер, оның ішінде электрсамокаттардың тұрақтары үшін арнайы жол белгілері жасалып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Аталған шара қала әкімдігі мен кикшерингтік сервистердің арасында жасалған қолданыстағы меморандум аясында жүзеге асып жатыр.
Бірінші кезекте белгілер Достық, Абай, Назарбаев даңғылдары, Гоголь көшесінің бойына жасалады. Кейін қаланың жүктемесі мейілінше жоғары бөліктерін қамту жоспарда бар. Жыл соңына дейін қала бойынша 500 тұрақ жасалатын болады.
Тұрақ аумақтары ақ түсті бояумен самокат кескіні арқылы белгіленеді. Тұрақ алаңы шамамен 4 шаршы метрді құрайды, оған 10-ға жуық жалдамалы самокат қоюға болады. Арнайы белгілердің жасалуы қала тұрғындарына жалдамалы самокаттарды жаяу жүргіншілер мен көліктерге кедергі келтірмейтін орындарға қалдыруға мүмкіндік береді.
Еске салсақ, қала әкімдігі мен самокаттарды жалға беру қызметін ұсынатын сервистер операторлары опепраторлары арасында өзара түсіністік пен серіктестік туралы меморандумға қол қойылған болатын. Құжат жеке қозғалыс құралдарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, апатты жағдайлардың алдын алуға бағытталған. Қазіргі кезде Алматыда 15 мыңға жуық электрсамокаттар жалға беріледі және күніне 100 мыңға жуық қозғалыс жасауға болады.