Алматы – біздің ортақ үйіміз: Әуежай көлінің жағасы тазартылды

15.04.2024 21:20

Су қоймасы жағалауына күніне шамамен 1000-нан аса адам келіп демалады

Almaty.tv

«Бірігіп, бір адамдай үлес қосамыз». Алматыда қаланы жаппай тазарту жұмыстары жалғасып жатыр. Бір айлық науқанның бірінші аптасы тәмамдалып, демалыс күндері шаһарда кең көлемді сенбілік өтті. Іс-шараның бірі Түрксіб ауданындағы Әуежай көлінің жағасын тазалауға бағытталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Биылғы науқан қаланың барлық ауданын қамтып, бір уақытта бірнеше нүктеде өтті. Бұл шаһардың тынысын ашып, тазалап қана қоймай, қала тұрғындары арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталып отыр.

– Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны аясында ауданымызда 20-дан аса үлкен іс-шара өтті. Оған көптеген мекеме қатысып, ұсынысын білдіріп жатыр. Шамамен 100-ден аса адам қатысып жатыр, – деді Түрксіб ауданы әкімінің орынбасары Ермек Әміров.

Ауқымды сенбілік аясында Түрксіб ауданының тұрғындарымен бірге Әуежай көлінің жағалауын тазартуға шықтық. Арнайы нұсқаулықтан кейін, бірнеше топқа бөлініп, қайықтарға мініп, ондаған қап пластик қалдықтарын жинадық.

Бірнеше ай бұрын Әуежай көлінің түбі 60 жылда бірінші рет тазартылып, аумағы абаттандырылған. Аудан тұрғындары, еріктілер мен кәсіпкерлер бірлесіп, су қоймасының жағалауындағы қоқыстарды жинады. Сондай-ақ науқанға үлес қосқан балалар арасында әуесқой байдаркамен жүзуден сайыс ұйымдастырылды.

– Бұл – суда өтетін спорттық сайыс. Барлық қатысушыларға нұсқаулық беріліп, ережені түсіндірдік. Бұл жарыс жылда өтеді. Бірінші рет қайықпен жарыс тазалық науқанына ұласып жатыр. Жастардың салауатты өмір салтын сақтап, дәріптеуіне керемет мүмкіндік, – деді бапкер Анатолий Душкин.

 Іс-шараның мақсаты – Алматының шеткі аймақтарын тазалау және Әуежай көліндегі қоқысты тазалау, яғни табиғатты таза ұстау, – деді студент Ақбота Жартыбай.

Су қоймасы жағалауына күніне шамамен 1000-нан аса адам келіп демалады. Науқан барысында ең көп қоқыс жинаған азаматтарға түрлі сыйлық табысталды.

Әйкерім Пернебек, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматы – біздің ортақ үйіміз: Наурызбай ауданындағы 8 мың шаршы метр жол жөнделеді