Алматыда жыл соңына дейін 17 балабақша ашылады

07.07.2022 21:22

Жылдың соңына дейін 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 2,4% өседі

ашық дереккөз

Жаңа мемлекеттік және жеке меншік білім беру объектілерін салу есебінен орын тапшылығы қысқарады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Халық санының өсуіне және жаңа аумақтардың қосылуына байланысты әлеуметтік инфрақұрылымның тапшылығы айтарлықтай қиындық туғызуда. Осы мәселелерді шешу үшін қалада «басқарылатын тапшылық» орта мерзімді саясаты іске асырылатын болды.

«Мемлекеттік мектептердің бастауыш сыныптарын филиал ретінде тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында орналастыру тетігі қарастырылуда. Осылайша, 2022 жылдың басынан бері 3 316 орындық 54 жеке меншік бала бақша ашылды, осы жылдың соңына дейін тағы 1 460 орындық 17 балабақша, оның ішінде 560 орындық 2 мемлекеттік бала бақша ашылатын болады», - деді қала әкімі.

Биыл орта білім беру саласында 13,8 мың орынға есептелген 18 объектіні пайдалануға беру жоспарланып отыр, оның ішінде 10 750 орынға 11 жаңа мектеп (оның 5-еуі 7 500 орындық мемлекеттік мектептер және 3 250 орындық 6 жеке меншік мектеп), 1 270 орынға 5 қосымша құрылыс, 1 800 орындық 2 ғимаратты сатып алу жоспарланып отыр

Жылдың соңына дейін 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 2,4%,  мектептердегі оқушы орындарының саны 5%-ке өседі.