Алматыда 49 млрд бюджет қаржысы қандай мәселелерді шешуге жұмсалады

Almaty.tv
Almaty.tv
Қалалық әкімдікке қарасты бірнеше басқарманың атауыы өзгертіледі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы әкімі Ерболат Досаевтың қатысуымен жергілікті бюджетті нақтылау жөнінде қала мәслихатының ХVI сессиясы өтті. Айта кетсек, қала қазынасының қайда жұмсалатыны жыл басында бекітілген еді әрі оның басым бөлігі әлеуметтік салаға бағытталған. Осы жұмыстар бүгінгі отырыс барысында қайта қаралып, өткен жылдан қалған 49 млрд теңгеге жуық қаржыны бөлу жөнінде шешім шығарылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

  

Бүгін мәслихат сессиясында қала әкімі Ерболат Досаев өткен жылғы бюджеттен қалған 48,9 млрд теңгені бірқатар мәселені шешуге қосымша бөлуге ұсыныс жасады. Алдымен бұл қаржы есебінен қаңтар оқиғасында зардап шеккен кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі. Сөйтіп зардап шеккен бизнес иелерінің 90 пайызы өтемақыларын 10 наурызға дейін алады.

«Бизнесті қолдау бойынша қосымша шаралар пакеті дайындалды. Мәселен, «Даму» қорымен бірлесіп іске асырылатын «Almaty Business» өңірлік бағдарламасына жергілікті бюджет қаражатынан қосымша 750 млн теңге бөлу ұсынылады. Бөлінген қаржы аясында іскерлік белсенділігі төмен аудандардың, яғни Алатау, Наурызбай, Жетісу және Түрксіб аудандарында кемінде 50 жаңа жоба іске асырылады», - деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Биыл қаланың білім саласын дамытуға қазынадан 275,2 млрд теңге үлестірілген. Енді осы бюджетті қайта нақтылау аясында тағы 9,4 млрд теңге бөлінбек. Соның арқасында 22 мектеп биыл пайдалануға беріліп, оқушы орны тапшылығы азаяды. Салынып жатқан 5 жапсарлас ғимаратты аяқтауға қосымша 1,8 млрд теңге жұмсалады. Ал 1,5 млрд теңге балалардың тегін спорт секцияларына көптеп баруына ықпал етеді.

«Спорт саласының дамуы, әрине, өте қажет. Бұл қалада жасөспірімдер мектепте оқумен ғана айналыспай, өзін дамытуы керек. Спорт жағынан қамтылғаны өте жақсы болды», - дейді қалалық мәслихат депутаты Райхан Бөлекбаева.

Көлік инфрақұрылымын дамытуға қосымша 2,2 млрд теңге бөлінеді. Бұл жаңа жолдарды 100 шақырымға созуға және мамыр айында метроның 2 стансасын іске қосуға мүмкіндік береді. Бюджетті нақтылау шеңберінде су және кәріз желілерін тағы үш шағынауданға тарту үшін 2,7 млрд теңгелік жобаға өтінім жасалған. Бұған дейін Әл-Фараби даңғылынның құрылысына кететін шығын енді Тастыбұлақ, 14-учаске және Шаңырақ-1 ықшамаудандарының жолын жөндеуге беріледі. Сондай-ақ тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың ипотекасының бастапқы жарнасын жабуды 1 миллионнан 1,5 миллион теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік туады.

«Құрылыс саласында қаланы біркелкі дамытуға көңіл бөлініп жатыр. Әлеуметтік нысандар, мектеп, балабақша, емхана салуға ден қойылғаны өте дұрыс», - деді қалалық мәслихат депутаты Ералы Сауранбаев.

Ал экологияны жақсарту үшін Алатау ауданында тамшылатып суару жүйесін дамытуға 332 млн теңге қарастырылады. 

«Көгалдандыруға, саябақтарды көбейтуге қосымша қаржы бөлінетін болды. Ауа атмосферасын бақылауға арналған тетіктер қарастырылады», - деді қалалық мәслихат депутаты Алтынай Көбеева.

Өз кезегінде мәслихат депутаттары қала әкімдігі ұсынып отырған бюджеттік нақтылауларды бірауыздан қолдады. Сондай-ақ әкімдіктің басқару тиімділігін арттыру үшін Әлеуметтік әл-ауқат басқармасынан Еңбек инспекциясын бөлу, Креативті индустрия басқармасын Жастар саясаты басқармасы етіп қайта жасақтау туралы ұсыныс жасалды. Депутаттардың басым бөлігі қолдап, дауыс берді.

«Жаңадан Жастар саясаты басқармасы қосылды. Ол енді өте орынды нәрсе. Алматы тұрғындарының 30 пайыз жастар құрайды. Алматы – жастар қаласы. Сондықтан Алматыда жастарға байланысты проблема көп. Сол себепті құрылатын басқарма көптеген мәселелерді шешуі керек деп ойлаймыз», - деді қалалық мәслихат депутаты Қали Сәрсенбай.

Бұдан өзге, бірнеше басқарманың аты өзгертіледі. Енді Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму – Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы, Тұрғын үй саясаты – Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы, Жасыл экономика – Экология және қоршаған орта басқармасы, Жайлы қалалық орта - Құрылыс басқармасы, Қоғамдық денсаулық – Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы болып аталады. Бұл өзгерістер 1 маусымнан бастап қолданысқа енбек.

Назкен Еркін, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров