Қаңтар оқиғасында зардап шеккен Түрксіб ауданындағы кәсіп иелеріне 81 миллион теңге өтемақы төленді. Бұл туралы жергілікті әкімдік өкілдері хабарлады. Жалпы ауданда жаппай тәртіпсіздік кезінде қирап, тоналған 94 шағын және орта бизнес нысаны тіркелген. Бүгінде оның 57-інің шығыны толық өтелді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Гүлзар Рахымжанқызы Түрксіб ауданында орналасқан ірі сауда орталығында киім сатады. Қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде бұзақылар дүкенінің есігін сындырып, тауарларын тонап кеткен. Бүгінде барлық шығыны өтелген бизнес иесі ризашылық білдіріп отыр.
«Басымызға ауыр күн туғанда Кәсіпкерлер палатасының барынша қолдау білдіруі бізді қатты қуантты. Түрксіб әкімдігіне де алғысым шексіз. Өйткені шығынды бірден есептеп, бізге залалды өтеп берді», – деді кәсіпкер Гүлзар Рахымжанқызы.
Қаңтар оқиғасы кезінде Түрксіб ауданына қарасты 94 шағын және орта бизнес нысанының зардап шеккені тіркеліпті. Бұл туралы жергілікті кәсіпкерлермен бірге өткен жиында әкімдік өкілдері мен аудандық прокуратура мәлімдеді. Олардың айтуынша, қазір олардың тең жартысы тиісті өтемақысын алып үлгерген. Ал шығынды өтеуге 81 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалыпты. Қалған 15 мекеме иесінің өтінімі қалалық комиссияда қаралып жатыр.
«Жалпы Түрксіб ауданы бойынша зардап шеккен бизнес нысандарының саны – 144. Алайда ірі кәсіп иелері шығындарын мемлекет тарапынан өтей алмайды. Сәйкесінше, олар біздің тізімге енбеді. Ал 57 шағын және орта бизнес иелерінің өтінімдері мақұлданды», - деді Түрксіб ауданы әкімінің орынбасары Наиль Лебаев.
Жиынға еліміздің Мәжіліс депутаттары да қатысты. Олар мегаполистегі бизнесті қалпына келтіруге бар күш-жігерін салатынын алға тартты. Түрксіб ауданында өтемақы алуға өтінім бергендердің басым көпшілігі – тоналған ломбардтар мен қару-жарақ дүкендері, сондай-ақ шағын кәсіп иелері екен.
«Негізінен, кәсіпкерлердің басым бөлігі қаңтарда келген залалдың өтемақысын алып үлгерді. Бірақ бүгін тауар шығынынан бөлек, басқа да түйткілдер көтеріліп отыр. Егер бизнес иелері қосалқы залал үшін де өтемақы алғысы келсе, құзырлы органдар мен әкімдік және сараптама өкілдері тағайындаған процедуралардан өтуі қажет», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әбілфас Хамедов.
Алдағы уақытта Мәжіліс депутаттары Алмалы, Бостандық, Медеу ауданындағы зардап шеккен кәсіп иелерімен де кездесіп, өтемақы мәселесін талқылауды жоспарлап отыр. Онда қажетті құжаттар тізімі мен соттық сараптаманың шешіміне қатысты түсіндіру жұмыстары да жүргізіледі.
Аяулым Көлжігіт, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы