Алматы әкімдігінің ғимараты жүз пайыз қалпына келтіріледі

24.01.2022 21:23

Құрылысына 300 адам жұмылдырылған тарихи нысанды қалпына келтіруде өртке төзімді материалдар пайдаланылады

Қала әкімдігінің ғимараты бұзылмайды. Қаңтар оқиғасы кезінде өрт салдарынан қатты зардап шеккен нысан 100 пайыз қайта қалпына келтіріледі. Бұл туралы құрылыс жұмыстарына тікелей жауапты қала әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаев хабарлады. Оның айтуынша, қазір оның ішін қоқыстан тазарту толығымен аяқталып, қалпына келтіру жұмыстары басталып кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Алматыдығы әкімдік ғимараты – қаладағы ең маңызды стратегиялық нысан. Мұнда өрт салдарынан келген шығын көп әрі жұмыс көлемі ауқымды дейді мамандар. Қазір ғимаратты қайта қалпына келтіру үшін аумақта 300-дей адам мен 10-нан астам арнайы техника қарқынды жұмыс істеп жатыр. 

«Нысанды қайта қалпына келтіру бойынша сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Құжатта жұмыстың басым бағыттары көрсетіледі. Ол 28 қаңтар күні бекітіліп, бізге жолданады деп жоспарланып отыр. Бұл – тарихи нысан. Құрылыс жүргізудегі басты мақсатымыз – осы ғимараттың тарихи келбетін сақтай отырып, қайта қалпына келтіру», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаев.

Ғимараттың қабырғалары сапалы әрі мықты мәрмәр тастан қаланбақ. Материалды Ресейден алдыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ едені мен тоқ желілеріне өртке төтеп беретіндей арнайы құрылғылар қолданылады. Ғимаратты бұзбай, қайта қалпына келтіруді отандық сәулетшілер де бірауыздан қолдап отыр.       

«Алматы қаласының әкімдігі – мегаполистің тарихи-мәдени мұрасы. Бұл –өткен күннен қалған естелік. Осы ғимаратқа қарап, біздің жастық шағымыз еріксіз еске түседі. Қазір құрылысшылардың жұмысын көріп, ғимаратқа қайтадан жан біткендей», – деді «Қазақстан қалақұрушылар» одағының президенті Любовь Нысанбаева.  

Әкімдік ғимаратының жалпы аумағы – 33 мың шаршы метр. Сала мамандарының айтуынша, өрт салдарынан келген шығын көлемі әлі де белгісіз. Есептелеп жатыр. Нысанды қайта қалпына келтіру жұмыстары шамамен 5-6 ай уақыт жүргізіледі.

Ұлағат Арғын, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы