Алматыда көгілдір отынмен қамту мәселесі 2025 жылға дейін толық шешімін табады

04.12.2020 21:23

70-тен астам жағдайы төмен отбасына газ құбыры тартылған

turkystan.kz

Бүгінде қаланың 99 пайызы көгілдір отынмен қамтылған. Ал 2025 жылға дейін бұл межені 100 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Шаһардың қай аудан тұрғындары көгілдір отынға зәру? Көзделген мақсаттың орындалуы үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызы айтып береді.

Алматы әкімдігі 2025 жылға дейін тұрғындарды 100% пайыз газбен жабдықтау бағдарламасын қабылдаған. Діттеген мақсатқа қол жеткізу үшін қажетті жұмыстар қарқынды түрде жүргізіліп жатыр, дейді мамандар. Мәселен, бүгінде банк демеуімен арнайы бағдарламалар қарастырылып, 70-тен астам жағдайы төмен отбасына газ құбыры тартылған. Ал  қалаға соңғы қосылған кейбір ықшамаудандарда магистралдық желілердің жоқтығынан тұрғындар көгілдір отынға қол жеткізе алмай отыр. Бірақ аталған бағдарлама аясында бұл мәселенің шешімін таппақ.

«Алматы қаласын толық 100 пайыз газбен қамтамасыз ету 2025 жылға дейінгі жоба болып есептеледі. Бүгінгі таңда 99 пайызы газ құбырына қосылған, газ құбыры жүргізілген», – деді қалалық Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының бас маманы Уәли Бекдос.

Ал шаһарды көгілдір отынмен қамтамасыз етуге жауапты мекеме «Қазтрансгаз-Аймақ» әр бес жыл сайын инвестициялық бағдарлама әзірлейді. Соның аясында 2017 жылдан бері 76 шақырым ескірген құбыр ауыстырылып, 266 шақырым жаңа газ құбыры жүргізілген. Мекеме басшысы көгілдір отынға зәру тұрғындар өздері хабарласып, өтінім тастайтынын айтты. Олар қала әкімдігімен бірлесіп, қажетті шаралар қабылдайды.  

«Өтініштерді қабылдап, сол мәселелерді шешу мақсатында барлық жұмыстар жасалып жатыр. Көрсеткішті 100 пайызға көбейту үшін газдандырылған тұрғындарды жаңадан бағдарламалар қабылдап, сол мақсатта жұмыс жасаймыз», – деді «Қазтрансгаз-Аймақ» АҚ Алматы өндірістік филиалының директоры Нұржан Түймебаев.

Бүгінде қала тұрғындарының тек 1 пайызына ғана көгілдір отын қол жетімсіз. Яғни, 1848 үйге газ құбыры кірмеген. Бұл мәселе 2025 жылға дейін толық шешімін табатын болады.

Жанар Ғаниқызы, Мұрат Тайжан, «Алматы» арнасы