Онда арнайы постаматтар қойылды
Алматылықтар енді мемлекеттік қызметтерді жылдам ала алады. Өйткені халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы фронт-кеңселерге азаматтардың өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы құрылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Онда электронды-цифрлық қолтаңба, тұрғылықты мекенжай бойынша анықтама алу сынды қызметтерден бастап, өз бетінше жүргізуші куәлігіне дейін ауыстыру да қарастырылған. Мұндай жаңашылдық әзірге Әуезов және Медеу ауданының халыққа қызмет көрсету орталықтарында қолжетімді.
– Қазір 1210 қызмет түрін онлайн алуға болады. Егер қолыңыздан келмесе, жаңадан құрылған өзіне-өзі қызмет көрсету аймағына келесіз. Біздің мамандар көмектеседі. Цифрлық кеңсе енді бірнеше секторға бөлінеді. Ол азаматтардың алатын қызмет түріне байланысты болады, – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы бойынша филиалының басқарма басшысы Мадина Аманова.
Сондай-ақ орталықта жақында іске қосылатын құжаттау терминалдары орнатылған. Ол азаматтарға төлқұжат пен жеке куәлікті рәсімдеуге мүмкіндік береді. Фронт-кеңсеге арнайы постаматтар қойылды. Оның көмегімен азаматтар өзіне ыңғайлы уақытта дайын құжатты алып кете алады.
Айта кетейік, постаматтар тәулік бойы жұмыс істейді.
– Құжат постаматта түсті деген SMS келеді. QR-мен өтіп, құжатын алып кетеді. Клиент келмей қалуы мүмкін, құжат 3 күннен кейін орталыққа түседі, – деді Медеу фронт-кеңсенің басшысы Арайлым Айжанова.
Оқи отырыңыз: Мобильді аударымдарға қатысты мәселе қайта қаралады