Бір жүргенде үш жолаққа 23 шақырымға дейін тұз ерітіндісін шашып өте алады
Алматыда көктайғақтың алдын алу үшін жаңа техника жұмысын бастады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Олардың басқа тазалау көліктерінен өзгешелігі 5-12 метр аумаққа 24 пайыздық тұзды ерітіндіні сұйық күйде шаша алады. Осы әдіс арқылы асфальт жабындысымен жүріп өтсе, көктайғақты болдырмауға болады екен.
Қала көшелерінде қызмет ететін тың техника - кәдімгі Камаз базасында жабдықталған жүк көлігі. Жалпы сыйымдылығы 12 метр кубты құрайды. Бір жүргенде үш жолаққа 23 шақырымға дейін тұз ерітіндісін шашып өте алады.
«Бұрын бізде тұзбен араласқан құм шашатынбыз, ол кейін қала жолдарында балшық болып, қап-қара болып, халыққа қолайсыздық тудыратын. Бұл машинаның ерекшелігі реагент тұзбен су араласқандықтан ерітіндімен ешқандай артында қоқыс қалмайды», – деді «Алматы Тазалық» АҚ Бостандық ауданы бөлім бастығының орынбасары Айдын Шолтықов.
Жол жиегін түгелдей, қиын бұрылыстарды да қиындықсыз қамтып өтетін техниканы бір ғана жүргізуші-оператор басқара алады. Қаптаған түсініксіз тетіктері де жоқ, бар болғаны Камазды есеппен басқару керек. Қалғанын озық үлгідегі технология өзі жасап шығады.
Жол жиегін тазалайтын жұмысшылар да жаңа техниканы қуаны қабылдады. Көктайғақтың алдын алу үшін мұндай техника ауадай қажет.
«Бүгін арықты тазаладық. Метродан бастап мұзды ойдық. Бізге қатты әсер береді. Қар жауған кезде бізге техника қатты қажет», – деді «Алматы тазалық» АҚ қызметкері Жасұлан Молдабеков.
Қала көшелерінің қауіпсіздігін сақтайтын жаңа көліктердің әзірге үшеуі ғана сатып алыныпты. Пилоттық үлгідегі техникалар әзірге Бостандық пен Медеу ауданында жүзеге асырылады. Жаңа жабдықты жаз айларында да қолдануға болады екен. Ауыспалы щеткалары мен су шашқыш құрылғылары жаз айларында да пайдаға жарайтын көрінеді.
Әлібек Шынтемір, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы