Алматыда цифрландыру саласы қарқынды дамып келеді – IТ мамандары

19.06.2020 22:05

Былтырғы жылдың көрсеткіштері бойынша, сандық сауаттылық деңгейі Алматыда бақандай 87 пайызды құраған

ашық дереккөз

Биылғы жылдың 1-тоқсанында «Электронды үкімет» порталы мен қызмет берушілердің ақпараттық жүйесі арқылы 3,5 миллион мемлекеттік қызмет түрі электронды форматта көрсетілген. Ал былтырғы жылдың көрсеткіштері бойынша, сандық сауаттылық деңгейі Алматыда бақандай 87 пайызды құраған. Бұл – ресми статистика. Ал  сарапшы мамандар не дейді? Almaty.tv тілшісі анықтап көрді.   

Қаржы саласында қызмет етіп жүргеніне 15 жылдың жүзі болған Аида Амангелдіқызы өз мамандығы бойынша көптеген өзгерістердің орын алып жатқанын айтады. Бухгалтерлік іс уақытты үнемдеу, есептеудің нақтылық мәселесінде өте ыңғайлы автоматтандырылған жүйеге көшкен. Бұрындары ақша аударымдарын банкке барып өткізетін болсақ, қазір бұл операция оңтайландырылған бағдарламамен жеңіл орындалады.  

«Қазіргі таңда бізде бағдарламалар қойылған. Бухгалтерияда негізі «1с» бағдарламасын қолданамыз. Сол бағдарлама автоматтандырылған жүйеде банкке қосылған. Біз мұнда қандай жағдай істесек те, банкке сол төлемдер автоматты түрде өте береді. Біздің міндетті түрде банкке барып, оны қойғызу міндетімізде жоқ. Бұл уақытты үнемдеу жағынан өте тиімді», – деді бас бухгалтердің орынбасары Аида Әмірқұлова.

Сарапшы мамандардың жасаған талдауына сүйенсек, халықтың басым бөлігін қашықтан жұмыс істеу тәсіліне мәжбүрлеп көшірген пандемия, цифрландырудың дамуына оң ықпал тигізіпті. Ел басына сын түскенде, біраз жұмыс қолданыстағы цифрлық жүйелердің көмегімен тез әрі сапалы атқарылды.

«Тәртіп сақшыларының планшетпен жұмыс істеуі, камералардың, электрондық базаның жұмысы кешенді жүргізілді. Қаладағы цифрландыру мәселесіне келгенде қиын-қыстау кезеңде кешенді жұмыстардың атқарылғанын атап өту керек. Алматыда тіпті, Smart city бойынша арнайы комитет те құрылды. Онда әкімдік кәсіпкерлік өкілдерін сандық жүйеге тарту бойынша бизнесмендермен тығыз жұмыс істейді. Бұл бағытта стратегиялық құжаттар да жасалып жатыр», – деді IТ саласының сарапшысы Андрей Беклемешев.

Цифрландыру саласында Алматы қарқынды дамып келеді дейді IТ мамандары. Бұл жүйені оңтайландыруда қала әкімдігінен арнайы басқарманың ашылуы да бекер емес. Шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен құрылған IТ кеңестің құрамына түрлі саланың білікті мамандары тыртылған.  Мегаполистегі ең озық деген компаниялар қашықтан басқаруға өткенде телекоммуникациялық мүмкіндіктерге деген сұраныс күрт асты. Алматы бұл бағытта операциялық тапсырмаларды орындау міндетін абыроймен атқарып жүр дейді сарапшылар.      

«Алматыда IТ нарығындағы ең ірі деген компаниялар орналасқан. Мұнда кәсіби біліктілігі жоғары мамандар да жеткілікті. Бұл компаниялардың қатарына Чоко, Сергек, Күнделік, Авиата, Тикетон, Крыша, Колеса секілді компаниялар кіреді. Бұл елімізде қызмет етіп тұрған аса танымал ұлттық жүйелер. Демек, сұранысқа ие кадрлар да осында шоғырланған. Ақпараттық қызмет көрсету саласында Алматы дамыған деп айта аламыз. Банк саласында Каспи мен Халық банк, көліктік жүйеде «Оңай», қауіпсіздік саласында «Сергек» жобасы да даму үстінде», – деді Қазақстанның IT менеджерлері қауымдастығының басқарма төрағасы Асқар Бишығаев.

Қазірдің өзінде қалалық әкімдікте  мемлекеттік қызмет түрінің 90 пайызы электрондық форматқа ауысқан. Енді сарапшылар бұл қызметтердің сапасына ерекше назар аудару керек дейді. Ол үшін IT мамандарын бір жерге шоғырландыру мүмкіндіктері қарастырылып жатыр.  

Сая Меңдеке, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы