Қарттар айы: Наурызбай ауданында қариялар құрметіне ағаш егілді

20.10.2021 21:25

Қарттар күні мерекесін бір ай бойы атап өту дәстүрге айналған

Almaty.tv

«Қарттар айлығы» акциясының аясында бүгін ағаш түптері егілді. Адамдық парызды ұмытпай, үлкендерге құрмет көрсету үшін елімізде 1 қазан «Қарттар күні» деп бекітілген еді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Ал ел аумағында қадірлі күннің қасиетін жоғалтпай, мерекені бір ай бойы атап өту дәстүрге айналған. Биыл да сол игі іс Наурызбай ауданында өз жалғасын тапты.  

«Бүгінгі ұйымдастырып жатқан шара қала әкімінің тапсырмасына орай, Алматыны жасыл қала ету мақсатында басталып отыр. Бұл шараға Тәуелсіздіктің 30 жылдығына, Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына орай ардагерлер мен жастар бірігіп ағаш отырғызуды бастадық. Бұл шара өз жалғасын табатын болады», – деді Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Мирас Нысанәли.

Айта кетейік, тек бір күнді емес, бүтіндей бір айды еншілеген қарияларға дәл осы кезде құрмет еселенеді. Аталған акция да соның бір дәлелі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл мерекелік іс-шара ай бойы дәстүрлі түрде өз жалғасын таппақ.  

«Іс-шараға Наурызбай ауданынан келіп қатысып жатырмыз. Еліміз көркейіп, өсіп-өнсе деген ниетпен балалар демалатын алаңға тал отырғызып жатырмыз. Осындай іс-шаралар жүзеге аса берсе дейміз. Елімізге, халқымызға қызмет ете берейік. Еліміз аман,жұртымыз тыныш болсын», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Жамалхан Әбдікәрімқызы.