«Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны 8 сәуірден бастап бір ай ішінде мегаполисте өтеді. Шара жеті күнге созылатын бірнеше кезеңнен тұрады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бірінші кезең – «Біздің қала — біздің көшелер» бағыты бойынша өтеді. Ол 14 сәуірге дейін жалғасады. Жоспарланған жұмыстар шеңберінде жолдарды орташа жөндеу, қираған учаскелерді қалпына келтіру, қажет болған жағдайда жиектерді ауыстыру, аялдама кешендерін тазалау, жерүсті мен жерасты өткелдерін жуу, төсемдерді қалпына келтіру және тағы басқалар көзделген.
Білім беру бағытына ерекше мән беріледі. Кең ауқымды акция аясында Экология туралы фильмнің тегін көрсетілімі, қоқыс сұрыптау кешеніне «Қоқысты дұрыс сұрыпта» туры, оқушылар арасында пікірталас, сондай-ақ қаланың экологиялық мәселелерін шешуге бағытталған стартап-жобалар байқауы өтеді.
Көктемгі жаңартуға барша бей-жай қарамайтын қала тұрғындары қатыса алады. Олар өз аулалары мен іргелес аумақтарды ретке келтіреді. Сондықтан екінші кезең "Біздің қала – біздің аула, біздің үй" деп аталуы кездейсоқ емес. Қала тұрғындары 20 сәуірде жоспарланған сенбілік-ағаш отырғызуға, қоршаулар мен орындықтарды бояуға белсенді қатысу арқылы өздерінің азаматтық жауапкершілігін көрсете алады. Мегаполисте алғаш рет "Қоқысты бір стақан кофеге айырбастау" акциясы өтеді. Сондай-ақ "Үздік аула", "Үздік аула сыпырушы" және "Коммуналдық қызметтің үздік қызметкері" байқауларын өткізу жоспарланған.
Науқанның келесі кезеңі – "Біздің қала – біздің таулар, өзендер мен көлдер" - жағалаулар мен су айдындарын, саябақтарды, скверлер мен тау бөктерін тазартуға бағытталған.
Жобаның қорытынды соңғы аккорды қалалық сенбіліктер, көшеттер мен гүлдер отырғызу, "Тазалық және денсаулық күні" марафоны, танымдық экскурсиялар, сондай-ақ субұрқақтар күнін қамтитын "Біздің қала — біздің мақтанышымыз" акциясы болады.
Қаланы ең таза әрі жайлы етуге деген ұмтылыс әр тұрғынның борышы. Бірлесе атқарған жұмыс әрдайым жеңіл. Бастамаға кәсіпкерлер, мәдениет пен спорт жұлдыздары, сондай-ақ қоғам қайраткерлері қолдау білдірді.
Естеріңізге сала кетейік, 8 сәуірде «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны басталды. Әрбір тұрғын қаланың дамуы мен абаттандырылуына өз үлесін қоса алады.
Барлық ақпарат almaty.kz сайтында, Алматы әкімдігінің әлеуметтік желілерінде орналасқан. Сондай-ақ, веб-сайтқа арнайы QR-код арқылы қала бойынша орналастырылған баннерлерде, плакаттарда және афишаларда кіруге болады.
Оқи отырыңыз: Алматы – ортақ үйіміз: Наурызбай ауданында 45 бірлік техника жұмылдырылды