Биыл Алматыда қандай өндірістік, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар ашылды

Almaty.tv
Almaty.tv
Akimat LIVE бағдарламасында Бақытжан Сағынтаев қалада өсудің жоғары қарқыны сақталғанын атап өтті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай өндірістік, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар ашылып, ел игілігіне берілді. Ал қала экономикасының негізгі салаларында өсудің жоғары қарқыны сақталды. Бұл жайында арнамыздың Akimat LIVE бағдарламасында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді. Биыл тағы қандай жобалар іске асты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.    

Тікелей эфирде мегаполис басшысы біршама жобаның іске асқанын тілге тиек етті. Мысалы, Алатау ауданынының Момышұлы көшесінде жаңа саябақ салынып, кең аумаққа 600-дей ағаш отырғызылған. Аталмыш аудандағы Индустриалды аймақта үлкен диаметрлі дәнекерленген болат құбырлар шығаратын зауыт іске қосылып, заманауи өрт сөндіру депосы да ашылды. Сондай-ақ алдағы күндері ашылуы жоспарда бар жобалар жайында да айтты.

«Биыл біз 11 мектепті қолданысқа бердік. Тағы 6 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін 3 нысанды салып бітуді жоспарлап отырмыз. Одан бөлек, №7 қалалық емхана жанында ота жасау бөлмесі бар медициналық мекеме салынып жатыр. Алатау мен Наурызбай ауданының тұрғындары қалаға қатынап жүрмеуі үшін компьютерлік томография орталықтарын іске қостық», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Сонымен қатар әкім қала экономикасының жайына тоқталды. Бұл саланың негізгі бағыттарында өсім сақталған. Атап айтар болсақ, инвестиция тартуда жоғары динамика байқалады. Негізгі капиталға құйылған қаражат көлемі 17,5 пайыз өсімді құрады. Ал жыл басынан бері дер кезінде қабылданған шаралардың арқасында 55 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Тұрақты жұмыспен 36 мыңға жуық адам, ал уақытша жұмыспен 19 мың 106 адам қамтамасыз етілген. Соның нәтижесінде, жұмыссыздық бүгінде 5,1%-ды құрайды.

«Пандемияның барлық қиындығына және оған байланысты шектеулерге қарамастан, мегаполис өз әлеуетін арттыруды жалғастырып, қалпына келтірудің жоғары қарқынын көрсетіп отыр. 11 айдың қорытындысы бойынша қысқамерзімді экономикалық индикатор 108,7%-ды құрады. Өнеркәсіпте 20,1%-ға, құрылыста 20%-ға, байланыс қызметтерінде 13,8%-ға, саудада 5,1%-ға өсу қамтамасыз етілді», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Бұдан басқа, Бақытжан Сағынтаев баспана мәселесіне тоқталды. Жалпы, биыл кезекте тұрған 5 394 адамның пәтер алатынын, оның ішінде «Бақытты отбасы» республикалық бағдарламасы аясында көп балалы, толық емес және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар баспаналы болуға мүмкіндік алады.

Қайрат Советбекұлы, Мақсат Күнібек, «Алматы» телеарнасы

 

Новости партнеров