Алматы қаласының Бостандық ауданында 12 көшеге асфальт төселді, тағы төрт көше мен бір көлік аймағы кезекте тұр. Жалпы ұзындығы – 17 шақырым. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында аудан әкімі Алтай Рахымбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Аудан басшысының айтуынша, 1 тамызға дейін төрт көшенің орташа жөнделуі аяқталады, 12-сі жөнделді.
«Үш учаскеде 663 метр тротуар желісі салынды және екі мекенжай бойынша тротуар салу жұмыстары жалғасуда. Саин-Торайғыров көшелеріндегі көлік аймағын жөндеу аяқталды», – деді А. Рахымбетов.
Бостандық ауданындағы жолдарды жөндеумен қатар, көше жарығын қалпына келтіру жұмысы жүргізілуде.
А. Рахымбетовтың айтуынша, аудан әкімдігі Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасымен бірлесіп, биылғы жөндеу жұмыстары аясында 155 учаскені жарықтандыру бойынша жұмыстар басталды. 140 учаскеде жөндеу жұмыстары аяқталды (1 130 тірек және 4 526 шам орнатылды).
«1 қыркүйекке дейін қалған 15 учаскеде жарықтандыруды орнатуды аяқтаймыз. Қаланың Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасы қаланың жартылай жарықтандырылмаған көшелері мен аула аймақтарын жарықтандыруға қосымша жобалық-сметалық құжаттама дайындады. Аталған тізімде Бостандық ауданының 214 жартылай жарықтандырылған учаскелері мен 117 ауласы бар», – деді А. Рахымбетов.
Осы жұмыстың арқасында Бостандық ауданы 100% жарықпен қамтамасыз етіледі.
Аудан аумағы көгалдандыру есебінен де өзгереді. А. Рахымбетовтың айтуынша, «Jasyl Almaty» бағдарламасы бойынша биылғы жылға жоспарланған 20 мың ағаш пен бұтадан 4 989 ағаш отырғызылды, оның 1 500-і бюджет және 3 489-ы жеке тұлғалар мен ПКСК есебінен. Күзгі кезеңде 15 мыңға жуық ағаш отырғызылады.