Алматы әкімінің Алмалы ауданы тұрғындарымен кездесуінде қандай мәселелер талқыланды

29.08.2023 в 21:27

Алмалы ауданында 5 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, кеңейтіледі

Алмалы ауданындағы 81 пайызы тозған электр желілері мәселесін шешу үшін 17 қосалқы станция модернизацияланады. Ал 41,5 шақырым ескі электр желілері жаңасына ауыстырылады. Бұл туралы Алматы әкімі аудан тұрғындарымен кездесуі кезінде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Есте болса, тұрғындар бұған дейін жарықтың жиі өшетінін айтып шағымданған еді. Енді мәселе жыл соңына дейін реттелмек. Алмалы ауданында 3,5 шақырым болатын су құбыры мен жылу желілері ауыстырылып жатыр. Ал Есентай және Қожамқұлов көшесінде 800 метр болатын кәріз құрылысы жүргізіліп жатыр. Жұмыстар толығымен аяқталса, аудандағы 90 мыңнан астам тұрғынның коммуналдық қызмет сапасы жақсармақ. Ол үшін жергілікті әкімдіктен 350 млн теңге қаражат бөлінген. Қала әкімі Ерболат Досаев баяндамасында қоғамдық көліктерді жаңартуды да сөз етті.  

– Биыл қоғамдық көлік қызметінің жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында Алмалы ауданына қызмет көрсететін 5 маршруттың автобустары жаңартылды. Жыл соңында Алмалы ауданында қызмет көрсететін жылжымалы құрам 88 бірлікке көбейді, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Алмалы ауданында 5 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, кеңейтіледі. Қала әкімінің айтуынша, білім ордаларындағы орын тапшылығы шешіледі.  №16 мектепке 300 орындық қосымша құрылыс салынса, №58 білім мекемесіне спорт және акт залын салу көзделген. Ал алдағы жылы ауданда 1,5 оқушыға арналған жаңа әлеуметтік нысанның құрылысы басталмақ. Сондай-ақ мемлекеттік 2 балабақша қайта жаңартылмақ. Ерболат Досев Алмалыда су басу қауіпі бар аймақтардың санын азайту үшін жаңадан арық желілерін салу жұмысы жасалып жатқанын айтты. Мәселен 52 учаскеде ұзындығы 34 шақырым арық желісі ауыстырылады. Бұл Алматыда нөсер жауын кезінде су ағынына төтеп бере алмайтын суағарлардың жұмысын жақсартпақ.

Биыл «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында  34 жобаны 2 кезеңде іске асырып отыр. Тұрғындардың 17 жобасын қамтитын 1-кезең аяқталды. Ал 1 қыркүйекте аудан әкімдігі қалған 17 жобаны қамти отырып, бағдарламаның 2-кезеңін іске асыруды бастайды.  Атап айтсақ, 11 жоба ауланы көркейтуге, 5 жоба қоғамдық кеңістікті өзгертуге және  1 экологиялық жоба Жібек жолы көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолының бойында экологиялық қоқыс жәшігін орнатуға бағытталған, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Оқи отырыңыз: Каспий теңізінде жүргізуші экскаватормен өнер көрсетті