Алматылыктарды эпидемиологиялық режимді сақтауда жауапкершілік танытуға шақырады

27.06.2020 21:32

Медеу ауданының аумағында 380 қоғамдық тамақтану нысаны бар

иллюстрированное фото: ratel.kz

Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі онлайн-брифинг барысында Алматы қаласы Медеу ауданы әкімінің орынбасары Берік Солтанбаев демалыс күндері қандай нысандардың келушілер үшін жабылғаны туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау жөніндегі қалалық комиссияның шешімімен 27-28 маусым аралығында барлық сауда және ойын-сауық орталықтарының, сауда орталықтарының, сауда үйлерінің, базарлардың, супермаркеттердің, фитнес орталықтардың санитарлық өңдеу жұмыстарын жүргізу үшін жабылғанын еске саламыз.

«Медеу ауданының аумағында 19 сауда ойын-сауық орталығы,  СО, СҮ, 2 базар, 17 супермаркет, 31 фитнес-орталық бар. Осы нысандардың барлығында дезинфекция жүргізу жоспарланған», –  деген  Берік Солтанбаев, өңдеу үшін адамдар мен жануарларға  зиянсыз қауіптілігі төмен 4-ші класқа жататын препараттар  пайдаланылатынын атап өтті.

Сауда объектілерін залалсыздандыруды олардың меншік иелері жүргізеді.

Медеу ауданының аумағында 380 қоғамдық тамақтану нысаны бар. Олардың 118-інде жазғы алаңдар бар. Қоғамдық тамақтану нысандарына жазғы алаңдарды қоспағанда, әлеуметтік қашықтық пен санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, тапсырыстарды жеткізіп беру жұмыстарына рұқсат етілген.

Сонымен қатар, ол сауда ойын-сауық орталығында орналасқан, бөлек кіреберісі бар дәмханалар мен мейрамханалар штаттық режимде жұмыс істей алатынын атап өтті.

«Қаладағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты емес. Осыған байланысты аталған шаралардың барлығын орындау үшін сіздердің жауапкершілікпен қарауларыңызды сұраймыз. Вирустың таралмауы үшін бәріміз бар күшімізді салайық», – деп қорытындылады ол.