Алматының Алатау ауданында қала тұрғындары үшін тартымды орын пайда болады

20.06.2024 21:34

Жергілікті тұрғындармен кездесуі барысында әкімге демалуға жағдай жасағаны үшін алғыс білдірді

қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы әкімі Ерболат Досаев жұмыс сапары барысында қаланың Алатау ауданындағы Боралдай өзенінің бойындағы жасыл аймақты абаттандыру барысымен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның тапсырмасы бойынша жақсы демалысты қамтамасыз ету және халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында Боралдай өзенінің бойында абаттандырылған жаяу жүргіншілер аймағы ұйымдастырылады. Жаңа қоғамдық кеңістік, ең алдымен, 60 мыңнан астам адам тұратын Саялы, Зерделі, Көкқайнар және Әйгерім шағынаудандарының тұрғындары үшін тартымды орынға айналады.

Қала басшысына Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков баяндағандай, жобаға сәйкес осы аумақта қоқыс жәшіктері, орындықтар, сыртқы жарықтандыру бағаналары, автокөлікке арналған тұрақтар орнатылды, суару жүйесі салынып, айлақ жабдықталған. Қала тұрғындарының демалысы үшін футбол және баскетбол алаңдары, теннис үстелдері, скейт тебу алаңы салынды.

Жергілікті тұрғындармен кездесуі барысында әкімге демалуға жағдай жасағаны үшін алғыс білдірді.

«Бізді қалаға кірдік. Бір кездері Қаскелеңге қараушы едік. Мұнда 36 жылдан бері тұрамын, бірінші рет халық үшін осындай ауқымды жұмыс жасалуда. Бізге малдан қорғану қажет, біз өзіміз мал ұстамаймыз. Бірақ жақын маңдағы шағын ауданның тұрғындары малын жібере салады. Бізге тәртіпті бақылайтын бақылаушы керек», - деді жергілікті тұрғынның бірі әкімге.

Қала басшысы Ерболат Досаев аумаққа периметрі бойынша бейнебақылау камералары орнатылатынын атап өтті.

«Алатау ауданында демалушылардың тәртібі мен қауіпсіздігін сақтау үшін қосымша 900 бақылау камерасы орнатылады», - деді аудан әкімі Азамат Қалдыбеков.

Сондай-ақ жағалау аумағында жақында жергілікті тұрғындардың өтініші бойынша екі қоғамдық дәретхана ашылады.

Жалпы, абаттандыру бойынша жобаны жүзеге асыру барысымен танысқан Ерболат Досаев жұмыстың сапасы жөнінде бірқатар ескерту айтып, барлық кемшілікті пысықтауды және нысанды ақау жойылғанға дейін теңгерімге қабылдамауды тапсырды.

Сонымен қатар Ерболат Досаев Алматыда жайлы қалалық орта құру бойынша белсенді жұмыс жалғасатынын атады.  

Естеріңізге сала кетейік, мегаполисте Наурызбай ауданындағы Қарғалы өзенінің жағалауын қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жетісу ауданында жалпы ұзындығы 1 200 метр Есентай өзенінің жағасында құрылыс жұмыстары басталды. Қайта жаңғырту аясында өзен арнасы тазартылып, серуендеу аймағы құрылады.