Алматыда тұңғыш рет «Үздік мектеп кітапханашысы – 2021» байқауы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Дарын орталығы ұйымдастырған шара 2 күнге созылып, қатысушылар онлайн бақ сынады. Байқау қорытындысы бойынша Толқынай Кәрімованың еңбегі үздік деп танылды.
«Бүгінгі байқау көңілді өтті, маған ұнады. Бұл байқау дәстүрлі түрде өткізілсе деген тілегіміз бар. Жетістіктерімізді көрсетуге үлкен мүмкіндік берді», – деді қалалық 148 мектеп-гимназиясының кітапханашысы Толқынай Кәрімова.
Ал ұйымдастырушылар байқауды кітапханашыларды қолдау үшін өткізіліп жатқанын айтты.
«Бұл – кітапханашыларды қолдау мақсатында өткізіліп жатқан іс-шара. Байқауға 23 кітапханашы қатысып, өте жақсы жұмыстарын көрсетті. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін байқау деп ойлаймын», – деді байқау ұйымдастырушысы Қаламқас Шәкретова.