Алматылық полицейлер мал тиелген жүк көліктерін тексеруде

Almaty.tv
Almaty.tv
Алматыда құрбан шалу орындары, мал сою цехтары мен мал сату базарларының жұмысы 3-інші тамызға дейін тоқтатылған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін алматылық полицейлер қалаға кіреберісте жүк көліктеріне тексеріс жүргізді.  Құрбан айт кезінде мал тасымалының жолын кесу үшін қалаға кіріп шығар жолға 14 блок-бекет қойылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Сая Меңдеке.

Мұндай шектеу шаралары Алматы қалалық бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес жасалып отыр. Негізгі мақсат- Құрбан айт кезінде малдың заңсыз тасымалына жол бермеу. Инспекторлардың айтуынша, бекітілген ережені бұзғандарға қандай да бір қатаң жаза қолданылмайды. Тіпті айыппұл да тағайындалмайды.  Тексеруші инспекторлар мал тиелген жүк көліктерін тоқтатса, оны кері қайтарады, яғни қала аумағына кіргізбейді. Бұл ретте инспекторлар дәл осы бекетте таңнан бері бірде-бір заң бұзушылықтың анықталмағанын айтады.

«Мал тиеп бара жатқан машиналарды тоқтатып, документтерін тексеріп, қайтадан қайырып жатырмыз, қалаға кіргізіп жатқан жоқпыз. Көнбеген жағдайлар болған жоқ. Бас санитар дәрігердің қаулысы бойынша, Құрбан айт кезінде Алматыда мал союға тыйым салынған. Сол себепті шекаралық инспекция экологиялық бекеттерде МАИ қызметкерлерімен бірге кезекшілікте тұрмыз»,- деді мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық инспектор Болатбек Өзбеханов. 

Қаулыға сәйкес, құрбан шалу орындары, мал сою цехтары мен мал сату базарларының жұмысы 3-інші тамызға дейін тоқтатылған.

«Біз қазір «Тау самалы» базарының алдындамыз. Алматы қаласы бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, бұл базар 3 күнге жабылды. Егер бұзушылықтар анықталатын болса, шара қолданылатын болады. Наурызбай ауданы аумағында 2 блок бекет бар. Екеуі де күшейтілді. Алматы қаласына мал тасымалдауға тыйым салынды. Бұл жағдай бақылауда»,-деді Наурызбай ауданы әкімі аппаратының бөлім басшысы Нұрбол Бейсеков.

Әлемді әбігерге салған пандемияның кесірінен биыл елімізде Құрбандық онлайн шалынып жатыр. Ол үшін тұрғындар qurban 2020.kz сайты арқылы өтінім берді.Одан бөлек, сайтта ет алуға мұқтаж азаматтар да өтінім қалдырған. Осы орайда эпидемиолог мамандар, мешіт қызметкерлері алматылықтарды қасиетті мереке кезінде карантин талаптарын бұлжытпай орындауға шақырады.

Новости партнеров