Балабақшаларда тегін тамақпен қамтылған балалар санатына кімдер жатады

20.09.2023 21:38

Алматы бойынша 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 93,4%-ы мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылған

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыда халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы балалар оқу жылының басынан бастап мемлекеттік балабақшаларда тегін тамақпен қамтамасыз етілді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың қаулысымен 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалар мемлекеттік балабақшаларда тегін тамақпен қамтамасыз етілді.

Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаеваның айтуынша, қазір мегаполисте 80 мыңға жуық бала (194 мемлекеттік және 1 республикалық – 39 862 бала; 723 жекеменшік - 39 738 бала) баратын 918 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Алматы бойынша 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 93,4%-ы мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылған.

Балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтуды арттыру мақсатында 2023 жылдың басынан бастап 3 801 орынға мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға 2 байқау өткізілді.

«Қазіргі уақытта Алматы қаласы бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарынан 5672 бала тегін тамақпен қамтылды. Бағдарламаны іске асыру үшін Алматы қаласы мәслихатының шешімімен жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді», - деді Ләззат Жылқыбаева.

Тегін тамақпен қамтылған балалар санаттарына мыналар жатады:

- жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

- бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, бала кезінен мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балалар;

- көпбалалы отбасылардан шыққан балалар;

- атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар.